Бельгиялық қазақтың болжамды анасы Өзбекстаннан табылыпты
Шетелден анасын іздеп келген Мұраттың анасы Өзбекстанда ма?
Бельгияда ержеткен Жәнібек өз анасын іздеп Қазақстанға келгелі, қалың қазақ халқы оның анасын табуға көмектесу үстінде. "Көреміз" редакциясы да арнайы шығарылымды Жәнібектің анасын іздеуге арнапты,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Белгілі болғандай болжамды ананың бірі Өзбекстан Республикасы, Нүкіс қаласынан табылыпты.
“21 жасында атамекеніне оралған жігіттің жүрегі "қазақ" деп соғады. Көреміздің” шығарылымында күйзелісті басынан өткеріп, жер жаһаннан ең жақын адамын іздеп жүрген жігіттің жанын жараламау үшін тырысып бақтық. Оны дүниеге әкелген биологиялық анасының ізімен жүріп өттік, алғаш рет Жәнібекті туған жері Арқалыққа апардық. Мұның өзі қазақ баласының сөнген үмітін қайта жағып, өмірге деген құлшынысын арттырады деген ойдамын. “Көреміз” редакциясы жүргізген зерттеу барысында болжамды ананың бірі Өзбекстан Республикасы, Нүкіс қаласынан табылды. Біз бірден келіншекті Алматыға алдырттық. Бүгін белгілі болған ДНҚ сараптамасының қорытындысы бойынша, өзбек азаматшасы мен Жәнібектің арасында ешқандай туыстық қарым-қатынас анықталмады, - деп жазды журналист.
Жәнібектің анасын іздеу жұмыстары әлі де тоқтамайды дейді Руслан Өтепбай. Тағы бір, болжамды ананың бар екені анықталған көрінеді.
"Құрметті көрермен, Жәнібектің анасын "Көреміз" командасы һәм телевизия саласындағы әріптестеріміз іздеп жатыр.Сондықтан жақынын іздеп, шарқ ұрған Жәнібек үшін дұғада болайық! Өткені бұралаң болған бауырымыздың болашағы баянды болғай! Жәнібектің анасы табылса, сүйінші хабарды дереу жеткіземіз!, - деді Руслан Өтепбай.