Қызылордалық жастарды Мәскеуге оқуға жіберу уақытша тоқтатылыпты
Қызылордалық студенттерге қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
Қызылордада студенттерді Мәскеуге оқуға жіберетін дәстүр бұрын бар еді.
Қазіргі әлемдегі ахуалға байланысты бұл дәстүр қаншалықты күшінде екендігін білу мақсатында, newsroom.kz порталы Қызылорда облысы әкімі Н.Нәлібаевтың атына сұраухат жолдаған болатын. Жалпы, бұл сұрақты өткенде әкімнің Астанада өткен брифингінде сұрағымыз келген. Өкінішке орай, портал тілшісіне уақыт жетпей сауалды жазбаша жолдаңыз деген еді.
Әкімдік жауабы бойынша, Қызылорда облысының әкімдігі мен Ресей жоғарғы оқу орындары арасындағы меморандумға сәйкес, Ресейдің бюджеті есебінен қазір Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларындағы 4 жоғары оқу орындарында 76 жас білім алатын көрінеді.
"Ал геосаяси жағдайға байланысты Мәскеу қаласына жастарды жіберу уақытша тоқтатылды",- делінген әкімдік жауабында.
Бұған дейін, Астанада ОКҚ алаңында өткен брифингте Қызылорда облысы әкімі Сеул университетінің мектебі Қорқыт Ата университетінде ашылғанын айтып қуантқан еді. newsroom.kz порталы тағы қандай елдерге мәселен АҚШ-қа жастарды жіберу мүмкіндігі бар деген сауал қойды.
"Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің көптеген шет елдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатқан. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттер министрліктен бөлінген қаржымен де, университет өз қаржысы есебінен де жіберуде. Оның ішінде Қытай, Польша, Түркия, Өзбекстан, Оңтүстік Кореяның университеттері бар. АҚШ-тың жоғары оқу орындарымен ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша әріптестік орнатылған. Келешекте студенттерді білім алуға жіберу бойынша келіссөздер жүргізілуде",- деді әкімдік жауабында.
Жыл сайын шетелге түрлі бағдарламамен қыз-жігіттеріміз білім алуға кетіп жатыр. Тек, сол жастарымыз шалқыған өмір мен көңілге тоймай өзге елде қалып қоймаса игі. Бірақ, онда қалған жастарды айыптауда орынсыз шығар. "Арқарда қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар" деп қазақ бекер айтпаған ғой.. Ал Қызылордаға тиіп тұрған, әрі солтүстік көршіміз бәленбай жыл жалға алған Байқоңыр айлағы орналасқан сыр бойының жастарын Ресейде көптеп оқытуының астарында не жатыр екен, құрметті оқырман?