Аймақтар

Асқар Сүлейменов туған ауданда мәдениет үйі ашылды

Созақ ауданында жаңа мәдениет үйі ашылды

Созақ ауданының орталығынан шалғай орналасқан Тасты ауылында мәдениет үйінің жаңа ғимараты ашылды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа талаптарға сай жабдықталған 75 орындық мәдениет үйі 329,5 шаршы метрді құрайды. Бұған дейін аудан әкімінің халықпен кездесуінде бұл мәселе бірнеше рет көтеріліп, тұрғындар мәдениет үйін салып беру жөнінде өтініштерін айтқан. Бүгін міне ауыл тұрғындарының талап-тілектері орындалды.  

фото: Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметі

Жаңа нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков сөз сөйлеп, тұрғындарды жаңа мәдени нысанның ашылуымен құттықтады.

- Бүгін Тасты ауылы жаңа мәдени нысанмен толықты. Бұл жерде ауыл тұрғындары ұлттық құндылығымыз бен мәдениетімізді насихаттайтын түрлі бағыттағы игі шаралардың куәсі болады деген сенімдемін.  Алдағы уақытта да халықтың игілігіне бағытталған жобалар назардан тыс қалмайды. Кіші футболға арналған жабық үлгідегі ойын алаңын салу және Қылти елді мекеніне баратын жолға асфальт жабындысын төсеу сынды біршама жұмыстарды атқаруды жоспарлап отырмыз. Осылай ынтымағы мен бірлігіміз жарасқан ел болсақ, одан әрі қарыштап дами түсеміз, - деді аудан басшысы. 

Ел ағалары да игі іске ризашылықтарын білдірді. 
Жиын соңы «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетейік, жаңа нысан соңғы үлгідегі жиһаздармен қамтылған. Жаңа музыкалық құрал-жабдықтар және кітапхана мен оқу залы қоса қамтылған.