Жаңалықтар

200 мыңнан астам педагог дайындаған университет: өткені мен бүгіні туралы не білеміз?

200 мыңнан астам педагог дайындаған университет: өткені мен бүгіні туралы не білеміз?

Биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне 95 жыл толып отыр. Бірақ кейбір ғалымдар мен сарапшылар оқу орнының құрылған күніне қатысты әртүрлі пікірлер білдіріп жатыр. Осыған орай, newsroom.kz порталы аталмыш оқу орнының ректоры – Басқарма төрағасы с.ғ.к., профессор Болат Тілеповтың мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

Яғни, университетіміздің тарихын 1918 жылғы 12 қарашадан бастауды ұсынады. Мәселен, Ташкентте алғашқы Қазақ мұғалімдер курсы ашылған болатын. Осы оқу орнының негізінде пайда болған бүгінгі Абай университетінің тарихы ресми түрде 1928 жылдан басталады. Өйткені, дәл осы уақытта Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің шешімімен Алматы қаласында физика-математика факультетінің негізінде республиканың алғашқы оқу орны құрылды. 1935 жылы Қазақ педагогикалық институтына ұлы Абайдың есімі берілді.

Тұңғыш оқу орнымыздың қалыптасуына атсалысқан ұлтымыздың зиялы тұлғалары өте көп. Еліміздің жоғары білім саласының дамуына зор үлес қосқан университетіміздің алғашқы ректоры Санжар Асфендияров бастаған Ораз Жандосов, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов сынды ұлы тұлғалар институт қабырғасында дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеуге белсене атсалысты.  Әрине, университетіміздің алғашқы кірпішін қалаған ұлы тұлғалардың қатарында ұзақ жылдар басқарған Мәлік Ғабдуллин, ұстаздық еткен Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков сынды ғалымдарымызды ерекше атап өтуіміз керек.

Фото: Абай атындағы ҚазҰПУ баспасөз қызметі
Университет ұзақ жылдар бойы мұғалімдер курсының негізінде Қазақ педагогикалық институты ретінде дамып, кейін Алматы мемлекеттік университеті болып өзгертілді.Өйткені, сол кездегі нарық мәселесі мамандарды даярлауға бірқатар өзгерістер енгізуді талап етті. Ал оқу орны заманның талабы мен еңбек нарығындағы сұранысқа әр уақытта бейім болу керек. Бұл үрдіс бүгінгі күні де өзекті.

Қазіргі университет деңгейі елдің жоғары білім беру жүйесінде ерекше орын алуға мүмкіндік береді. Абай атындағы ҚазҰПУ қызметі негізінен республиканың барлық өңірлеріне педагог кадрларын даярлауға бағытталған. Оқу орны қалаларда ғана емес, шалғай ауылдарда да педагогика бағытында ел игілігі үшін жұмыс істейтін жалпы 200 мыңнан астам педагог дайындады. Әрине, бұл тек педагогикалық бағыттар. Сонымен қатар, университетте басқа да мамандықтар дайындалуда. Соңғы жылдары уақыт талабына сай техникалық жағынан жетік, жаңа технологиялармен, заманауи инновациялармен жұмыс істей алатын жаңа формациядағы педагогтар даярланып жатыр.

Қазіргі таңда ҚазҰПУ педагогикалық зерттеу университеті болудың стратегиялық мақсатын жақындата отырып, ғылыми қызметті кеңейтуге және тереңдетуге ерекше мән беруде. Университет жыл сайын профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтуін күшейтіп, белгілі шетелдік ғалымдарды дәріс оқуға және тәжірибелік сабақтар өткізуге шақырады. Қазіргі таңда Қазақ ұлттық педагогикалық университеті еліміздегі бетке ұстар алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі. Бүгінде оқу ордамызда 996 оқытушы жұмыс істейді, оның ішінде 5 академик, Ұлттық Ғылым академиясының 6 корреспондент мүшесі, 200-ден астам ғылым докторы, PhD иегері, 226 ғылым кандидаты бар. Бұл – біздің үлкен ғылыми-педагогикалық әлеует. Бүгінгі таңда университеттің жеті институтында 16 мыңнан астам студент оқиды. Яғни, осы 7 бағытта біз филология мамандығынан бастап, жалпы тарих, физика, математика, биология, химия сияқты пәндер мұғалімдерін даярлаймыз.Университеттің инфрақұрылымына келетін болсақ, 12 оқу ғимараты, 5 жатақханасы және 40-тан астам оқу зертханасы осы университетте оқып жатқан студенттер контингентінің игілігіне қолданылып жатыр.

Фото: Абай атындағы ҚазҰПУ баспасөз қызметіӘрине, университетіміздің қабырғасынан түлеп ұшқан Ғани Бейсембаев, Аида Балаева, Вячеслав Ким, Майра Амантаева, Бижан Игенбаева, Күләш Оразбекова, Рауан Кенжеханұлы, Құрманбек Жұмағали сынды табысты түлектеріміз өте көп. Еліміздің дамуына өз үлесін қосып жүрген бұл түлектеріміз – біздің үлкен мақтанышымыз.

Ғылыми шығармашылықтың әлеуеті туралы айтатын болсақ, ең алдымен алдымызда тұрған үлкен міндет – «Зерттеу университеті» деңгейіне жету. Әрине, ол үшін университетіміздің ғылыми әлеуетін көтеру керек. Мәселен, университетімізде 2019 жылдан бастап постдокторантура және профессор зерттеушілер бағдарламалары енгізілді. Постдокторант деген – бұл шын мәнінде өзін ғылымға арнаған және ғылыми салада үлкен болашағы бар маман.Педагогика ғылымын дамыту бағытында осындай мамандардың қатарын көбейтіп, олардың бар мүмкіндіктерін пайдалануға тырысамыз. Яғни, ең алдымен ғылыми жұмыспен де айналысатын оқытушыларымыз бен профессор зерттеушілерге тиісті жағдай жасау қажет. Мәселен, ең үлкен мәселе – ғылыммен айналысқысы келетін оқытушылардың оқу жүктемесін азайту. Қазіргі уақытта оқу жүктемесі 1 жылда 600 сағаттан асады, ал жалпы халықаралық стандартқа қарасақ, батыстың озық зерттеу университеттерінде бұл көрсеткіш 250-300 сағаттан аспайды. Қалған уақытын оқытушы зерттеуге, ғылыммен айналысуға жұмсайды. Біз де осыған келуіміз керек. Өйткені, ҚазҰПУ – педагогикалық жоғары оқу орындары арасында үйлестіруші орталық. Университеттің оқу бағдарламалары ертеңгі мектеп бағдарламасының негізіне айналуға тиіс. Ал ол үшін, әрине, ең алдымен ғылыми ізденістер, жаңалықтар мен жетістіктер көп болуы керек.

Университеттің материалдық-техникалық базасы, ең алдымен, заман талабына сай заманауи техникалық құрылғылар мен зертханалық жабдықтар жыл сайын жаңартылып отырады. Жоғарыда айтып өткендей, университетте 12 оқу ғимараты бар және бұл ғимараттарда кітапхана мәселесі өте өзекті. Кітапхана – студенттер мен оқытушылар кітап оқитын орын ғана емес, сонымен қатар үлкен жобалық және ғылыми әлеуеті бар даму орталығы. Сондықтан біздің алғашқы міндеттеріміздің бірі – заманауи кітапхананы ашу. Университетте қазір 1 млн. 700 мыңнан астам кітап бар. Кітап қоры жыл сайын артып келеді. Біз қазір осы бағытта үлкен жұмысты бастап жатырмыз. Екінші мәселе – оқу ғимараттары, олардың материалдық-техникалық жағдайын үнемі жақсартып отыру. Оқу ғимараттарында Педагогика және психология, Математика, физика және информатика және Жаратылыстану және география институттары бар. Технология мен жалпы білімге қойылатын талаптар күн сайын дерлік өзгеруде, біз де сол өзгерістерге ілесуіміз керек. Қазіргі уақытта бізде 27 компьютерлік сынып, 15 лингафондық зертхана, 45 оқу және ғылыми зертхана, 44 шеберхана, 38 интерактивті сынып бар. Оқу орнымыздың Өнер, мәдениет және спорт институты жоғары білікті мамандарды дайындап қана қоймай, спорт саласында әлемдік деңгейдегі чемпиондарды қалыптастыруға белсенді атсалысуда. Бұл біздің қазіргі әлеуетіміздің сарқылмас көзі. Дегенмен, қол жеткізген жетістіктерге тоқталмай, алдағы уақытта осы кеңістікті кеңейтуге ұмтылу маңызды. 

Университеттің қазіргі инфрақұрылымдық қуаты 5000-6000 студентке есептелген. ҚазҰПУ-дың 5 жатақханасының үшеуі және тағы бірнеше оқу ғимараттары Алматы қаласының ескі орталығында орналасқан. Бұл нысандардың барлығы қаланың мәдени-тарихи тізіміне енгізілген. Оларды өзгерту немесе қайта құру мүмкін емес. Бұл дегеніміз бір жағынан, университеттің инфрақұрылымдық дамуының шектелуі, екінші жағынан оқу орныныңмақтанышы. Дегенмен өзекті болып тұрған жатақхана мәселесін шешу уақыт пен қаржылық ресурстарды қажет ететіндіктен, университет өз тарапынан студенттерді мүмкіндігінше жатақхана орындарымен қамтамасыз етужолдарын іздеструге тырысады.

Фото: Абай атындағы ҚазҰПУ баспасөз қызметіҚазір елімізде барлығы 5 педагогикалық жоғары оқу орны бар. ҚазҰПУ-дың педагогикалық жоғары оқу орындарынан ең үлкен ерекшелігі – университеттің ең алдымен ауылдық және аудандық мектептер үшін мамандар даярлауы. Осы бағытта алға жылжуымыз керек. Қазіргі білім беру бағдарламаларында қалалық және ауылдық мектептер арасында айырмашылық өте үлкен. Халықтың ауылдан қалаға көшуінің бірден-бір себебі – балаларға білім беру сапасы мен оларды жұмысқа орналастыру мәселесі. Осыолқылықтың орнын толтыру үшін, әсіресе, ауылдық және аудандық мектептердің қажеттіліктерін ескере отырып, жоғары білікті педагогикалық кадрларды дайындау аса маңызды. Жалпы, білім берудің тиімділігі оқытушыға да, студенттерге де қолайлы жағдай жасаудан басталады. Қолайлы жағдайдың болмауы оқу үрдісінің жоғары деңгейіне жетуді қиындатып, білім сапасына әсер етеді. Университет осы бағыттағы жоспарлы іс-шараларды белсенді түрде жүргізіп, оқу мен оқытуға барынша жағдай жасауға тырысуда. 

Абай университеті 2023 жылы әлемнің 2000-нан астам жоғары оқу орны қатысқан QS World University рейтингінде 681-690 орындарды иеленіп, әлемдік рейтингтің ТОП-700 үздік университеттің қатарына кірді. Бұл жақсы көрсеткіш. 

Бүгінгі таңда университеттің басты міндеті –алдағы үш жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында еліміздің заманауи талаптарына сай келетін 48 мың жоғары білікті жаңа мұғалім даярлау. Педагогикалық мамандардың, оның ішінде жаңа формациядағы педагог кадрларының жетіспеушілігі өте өзекті мәселе. Рейтингтер  университеттің дамуына әсер ететіндіктен, Абай университеті үнемі әлемдік рейтингтерге қатысуға тырысады. Университеттің рейтинг көрсеткіштеріне әсері бар дамытуды қажет ететін тұстары да белгілі. Ең алдымен, бұл оқытушылар мен студенттер арасында шет тілдерін меңгеру дағдыларын күшейту. Тағы бір маңызды сала – ғылыми жарияланымдар санын арттыру. 

Бұл, ең алдымен, Абай университетінің 25 елдің 138 жоғары оқу орнымен белсенді ынтымақтастығының негізгі көрсеткіші. Жалпы, университет жаһандық жоғары білім беру жүйесінде мойындалған университеттермен серіктестік орнату бағытында жұмысынкүшейтіп, осы саланы одан әрі дамытуға күш салуда. Қос дипломдық бағдарламалар да назар аударуға тұрарлық. Қазіргі таңда қос дипломды 16 бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның төртеуі Сорбонна-Қазақстан институтында. Мемлекет басшыларының шешімімен ашылған Сорбонна-Қазақстан институты аясында бұл бағытта бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді. Сонымен қатар, осы бағыттағы жұмыстарды нығайту үшін университет қазір педагогика саласында үлкен жетістіктерге жеткен мемлекеттерге назар аударып отыр.

Фото: Абай атындағы ҚазҰПУ баспасөз қызметі
Әрине, университет Финляндия, Сингапур, Швейцария, Литва сияқты педагогика саласындағы озық елдермен жұмыс істеу үшінмаңызды қадамдар жасап жатыр. Ал, қазіргі қос дипломды бағдарламалар бойынша білім алатын студенттердің жетістіктері аз емес. Университет түлектері әлі толық оқу курсынан өтпегеннің өзінде жұмыс берушілер арасында сұранысқа ие болып отыр. Қос дипломды білім беру бағдарламасына қатысатын бірде-бір студент жұмыссыз қалған емес, бұл мұндай бастамалардың жоғары басымдылығы мен табыстылығының тікелей дәлелі. Мұндай бағдарламалар біздің қызметімізге міндетті түрде қажет. Шетелдік оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатуға ғана емес, отандық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық саласында да күш салып жатыр. Бұл бағыттағы маңызды қадам – шет тілдерін оқыту үдерісін қарқынды дамыту. Осы мақсатқа жету үшін шетелдік оқу орындарымен бірқатар келісімдер жасалып, бірлескен білім беру бағдарламаларын құру жұмыстары басталды. 

Жаңа формацияның жаңа ұстазын қалыптастыру – қазіргі білім беру саласы қызметкерлерінің маңызды міндеті. Бұл ретте 2022 жылы Абай университеті оқушылардың ұстаз мамандығына деген қызығушылығын арттыру мақсатында Алматы қаласының Білім басқармасымен бірлесе отырып, «Педагогикалық сынып» құру туралы үлкен пилоттық жобаны қолға алған еді. «Педагогикалық сынып» жобасының мақсаты – мектеп қабырғасынанпедагогикалық мамандықтарға икемі бар жоғары сынып оқушыларын мұғалімдік мамандыққа ерте бейімдеу, олардың «мұғалім» мамандығына деген қызығушылығын арттыру.

Нәтижесінде Абай университеті қала мектептерінде кафедра филиалдарын ашып, білікті профессор-оқытушыларымыздың көмегімен мектеп оқушыларына жыл бойы білім беріп, жекелеген пәндерден тапсырмалар дайындап, үнемі бақылап отырды. 

Креативті жоба аясында оқушылар Абай университеті оқытушыларының жетекшілігімен кәсіби тұрғыда өзін-өзі дамытуға арналған тренингтер, шағын зерттеулер, шығармашылық эсселер сияқты тапсырмаларды орындау арқылы педагогикалық сыныптардан табысты өткізілді. 2023 жылғы 21 маусымда Абай университеті «Педагогикалық сынып» жобасының түлектеріне салтанатты түрде сертификаттар табыс етілді. 

Өскелең ұрпақты «Ұстаз» болуға бейімдейтін бұл жобаның мектеп оқушылары үшін берері мол. Сондықтан, 2023-2024 оқу жылында «Педагогикалық сынып» жобасы өз жалғасын тауып, Алматы қаласының 13 мектебі арасында «Педагогикалық сыныптар» жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылып, былтырғы мектептермен бірге 16 мектепте осы жобасы жүзеге асырылуда.

Бұл да ертеңгі ұрпақ қамы үшін Абай университетінің қолға алып отырған игі бастамасы. Аталған бастама Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасында білімді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде іске асырылды.

Педагогикалық жоғары оқу орнын бітірген мамандардың негізгі жұмыс беруші мектеп, колледждерге барғаннан кейінгі сұраныстың болмауы. Өйткені, университеттік бағдарламамен оқып шыққан педагог мектепке барғаннан кейін басқа стандартқа, басқа жағдайға түседі. Ол педагог мектепте жұмысын жалғастыра алмай, жұмыстан шығып кетеді, я болмаса, қайтадан оқуына немесе біліктілігін арттыруға тура келеді.Өткен жылдармен салыстырғанда педагог мәртебесінің артуы мен университет тарапынан қабылданып жатқан шаралардың арқасында бұл мәселенің өзектілігі азайып келеді. Біз университет бағдарламасы мен мектеп арасындағы алшақтықты жоямыз, қазіргі уақытта олар бір-бірін толықтыра бастады, педагогикалық практиканың уақытын ұзартамыз, студенттерді оқудың алғашқы жылдарынан бастап болашақ мамандыққа жақындатамыз. 

Енді жұмыспен қамту мәселесіне келсек, Қазақстанда мұғалімдердің мәртебесі айтарлықтай жақсарды. Қазіргі таңда мұғалім мамандығы қоғамымызда ең құрметті мамандықтардың бірі болып саналады. Мұғалімдердің материалдық жағдайын жақсартубойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, биылғы жылы университетімізге түсетін түлектердің ең төменгі шекті балы 75 балға көтерілді, бұл орта мектепті жақсы бітірген түлектер санының артуына байланысты. Бұл өзгерістер мұғалім мамандығының маңыздылығын көрсетіп, оны жастар үшін тартымды етеді. Демек, Қазақстанда педагог мамандықтарына сұраныс қарқынды өсуде. Біз аймақтық билік органдарымен, оның ішінде облыс және қала әкімдіктерімен байланысты нығайтып, жұмыспен қамту мәселесін қолға алып жатқанымызды атап өткім келеді. 

Мәселен, биылғы жылы тек Алматы облысында 3000 мұғалім жетіспейді, бұл облыс деңгейінде педагогикалық кадрларға деген қажеттіліктің үнемі артып келе жатқанын көрсетеді. Біз қазір бұл мәселені тиімді шешу үшін әртүрлі өңірлердегі тиісті органдармен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Осылайша, түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі шешілу жолында деп айтуға болады. Бізде педагогикалық емес мамандықтар да бар. Біз туризм саласындағы мамандарды, аудармашыларды, саясаттанушыларды, әлеуметтанушыларды, экологтарды, дінтанушыларды, мәдениеттанушылар мен заңгерлерді дайындаймыз. Саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен, тиісті ведомстволармен, ғылыми-зерттеу институттарымен тікелей байланыс орнатып, студенттерімізді осы ұйымдар мен мекемелерге өндірістік практикаға жіберуге тырысамыз. Жұмыс берушілермен кездесуді күшейттік, университетте арнайы жәрмеңкелер өткіземіз, онда біздің студенттер болашақ жұмыс орнын табады. Қазірдің өзіндебұл бағытта нәтижелер бар, бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді жалғастырамыз. Осындай жұмыстардың нәтижесінде соңғы жылдары оқуды бітіргеннен кейін біздің түлектердің 97%-ы жұмыспен қамтылды. Бұл айтарлықтай жақсы көрсеткіш.

Біз бәсекелестіктен қорықпауымыз керек. Оның үстіне, бұл бізді алға ұмтылуға ынталандырады. Қазір елімізде жекеменшік мектептер көп. Олардың дайындық деңгейі де жоғары. Әсіресе, үлкен қалаларда шоғырланған білім беру мекемелері одан бөлек, дамыған шет елдермен бірлесе жұмыс істейтін мектептер бар. Мәселен, Назарбаев Зияткерлік мектептері, білім және инновация лицейлері, олардың деңгейлері де жоғары. Ол жердегі мұғалімдерге қойылатын талаптар да бөлек. Көптеген түлектеріміз жалпы білім беретін мектептерде, оның ішінде ауылдық жерлерде табысты еңбек етуде. Алайда, олар ағылшын тілін жеткілікті деңгейде меңгермегендіктен, жекеменшік оқу орындарына жұмысқа орналасуда қиындықтарға кезігуде. Себебі, бұл мектептерде жетінші сыныптан бастап жаратылыстану, математика, физика, химия сияқты пәндер ағылшын тілінде оқытылады. Нәтижесінде біз осы тұрғыда жекеменшік оқу орындарымен бәсекеге түсе алмаймыз. Түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін жақсартумен қатар ағылшын тілін меңгеруін жақсарту қажет. Яғни, бұл жердегі ең үлкен мәселенің бірі – тілдік бағытты дамыту. Қазір бізде Филология институтында шет тілдері кафедрасы бар, Сорбонна-Қазақстан институты бұл бағытта тиімді жұмыстар жүргізуде. Бұл бағытты дамыту үшін біз тек жаңағы француз тілі, ағылшын тілі, неміс тілі сияқты пән мұғалімдерін ғана даярлап қана қоймай, физиканы, химияны, математиканы ағылшын тілінде беретін пән мұғалімдерін даярлауымыз қажет. Осы бағыттағы жұмысты күшейтеміз. Сол кезде ғана білім алушыларымыздың білімі жаңа деңгейге көтерілді деп айта аламыз. Бәсекелестік бізге осы бағыттағы кемшіліктерімізді көруге көмектеседі. Біз оларды дәйекті түрде түзетеміз. Мәселен, жыл сайын шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс нығайып келеді, онда біздің студенттер алты айдан астам уақыт оқудан өтеді. Министрліктің қолдауымен біз жаңа формациядағы педагогтарды даярлау үшін инновациялық оқу бағдарламаларын әзірлеу міндетін қойып отырмыз. Биылғы жылы 30 инновациялық оқу бағдарламасы, оның 12-сі біздің университеттің күшімен құрылды. Біздің міндетіміз – қолда бар әлеуетті барынша тиімді пайдалану және оны дұрыс арнаға бағыттау.

Ең алдымен, біз педагогикалық жоғары оқу орындарының қызметін үйлестіруді ғана емес, сонымен қатар академиялық шеберлік орталығын құруды және оны дамытуды мақсат етіп отырмыз. Бұл бастамаға қазіргі уақытта министрлік ерекше мән беріп отыр. Университетімізде педагогикалық бағыттағы оқу орындарымен жұмысты үйлестіретін үздіксіз білім беру орталығы мен оқу-әдістемелік орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар университет оқытушыларының біліктілігін арттыру бағытындағы бірлескен жұмысымызды үйлестіруге көп көмектеседі. Оқытушыларымызарнайы курстарға, түрлі семинарларға қатысып,инновациялық оқу бағдарламалары мен жаңа технологияларды меңгеруде. Бұл мәселебойынша жетекші шетелдік жоғары оқу орындарында да ғылыми тағылымдамаларұйымдастырылып, белгілі шетелдік ғалымдар дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар өткізетін «Шақырылған профессор» бағдарламасы үлкен рөл атқарады. Бұл сабақтарға студенттермен бірге оқытушылар да қуана қатысады. 

Оқу орнымыздың басты артықшылықтарының бірі – Абай университеті Қазақстандағы арнайы педагогика және дефектология саласында ғылыми-зерттеу және кадрлар даярлаумен белсенді түрде айналысатын бірден-бір жоғары оқу орны. Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беруді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балалар санының артуы байқалады. Өкінішке орай, қазіргі уақытта еліміздің әр өңірінде ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған білім беру орындарын ашуға әзірге мүмкіндік жоқ. Дегенмен, бұл мәселені шешудің басқа да жолдары бар. Мысалы, дефектология және психология салаларында біз ерекше балаларға толық орта білім алуға және мектеп бағдарламаларына бейімделуге көмектесетін бағдарламаларды жүзеге асырамыз. Бұл үрдістедиагностикалық және түзету-дамыту жұмыстарын жүзеге асыратын төрт арнайы оқу зертханамыз бар. Сурдопедагогика, тифлопедагогика, логопедия диагностикалық және коррекциялық дамыту жұмыстарын қамтиды. Біздің мамандар осы салада ғылыми зерттеулер жүргізеді. Бұл медицинамен жанама ғылыми зерттеуді талап ететін бағыт. Сондықтан бұл бағытта жан-жақты оқытушылар дайындалады, олардың барлығы өз біліктіліктерін үнемі жетілдіріп отырады.

Әрине, бірінші кезекте шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнату кезінде біздің университет өз мүдделерін бірінші орынға қояды. Біз әлемдегі жоғары оқу орындарының рейтингі бойынша ТОП-500 үздіктер қатарына кіретін университеттермен байланыс орнатуға тырысамыз.​Өйткені, шетелдік жоғары білім беру жүйесінде біршама айырмашылық бар, яғни, нақты педагогтарды даярлайтын салаға маманданатын оқу орындарының қатары өте аз. Дамыған елдерде педагог мәртебесі өте жоғары.

Сондай-ақ, педагогикалық жоғары оқу орындарын бітірген мамандар мектепке барып, оқу орындарына жұмысқа тұруға ниет білдірсе, міндетті түрде жоғары оқу орнынан кейін тағы арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Мәселен, бұл фин жүйесінде, яғни кез келген адам педагог болып, мектепке кіре алмайды.  Жаһанданудың арқасында біз отандық білім берудің үздік дәстүрлерін ұмытпай, білім берудің әлемдік тәжірибесін белсенді түрде зерттеп жатырмыз. Білім беру үшін қажетті материалдарды игеру мәселесі қазіргі ақпараттық уақытта өткір болып отыр. Ол үшін ең алдымен, оқушының логикасын, аналитикалық, сыни ойлау қабілетін дамыту қажет – бұл оқытудағы ең тиімді әдіс. Оқушыны алынған ақпаратты өз бетінше талдауға үйрету, оның дұрыстығын анықтауға дағдыландыру – мұғалімнің басты мақсаты. Осындай дағдыларға үйрету жүйесіне келуіміз керек. Шын мәнінде мектептерде «Логика» пәнін енгізу өте маңызды. Оқушылардың танымдық процестеріне әсер ететін әдіс-тәсілдерді қолдану олардың тұлға болып қалыптасуына ықпалын тигізеді. 

Біздің студенттер бірінші курстан бастап мектептерде өндірістік тәжірибеден өтуді бастайды. Бірінші жылы аптасына 1 күн, екінші жылы аптасына 2 күн, үшінші жылы 3 күн, төртінші жылы аптасына 4 күнге дейінмектептерде тәжірибеден өтеді. Бұл жердегі мақсатымыз мектептердегі тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары мұғалімдеріміздің білім алушыларымызбен қарым-қатынасы, ол болашақ мұғалімдердің кәсіби дамуында өте үлкен рөл атқарады. Бұл студенттерімізді оқушыларға білім беруге ғана емес, оқушыларды тәрбиелеуге үйрету, оқушымен үнемі қарым-қатынаста болу, оның тәрбиесіне мән беруге, яғни рухани дамуына өзінің үлесін қосады. Жоғарыда айтқанымдай, бізде Алматы қаласы, Алматы облысы Білім басқармаларымен келісімдеріміз бар. Педагогикалық сыныптардан басқа, біз мектептерде дуальды оқыту жүйесін енгіземіз.Үшінші және төртінші курста оқитын көптеген студенттеріміз мектептерде жұмыс істеп, стипендиядан бөлек мектеп мұғалімі ретінде қосымша жалақы алады.

Қазіргі таңда 90-ға жуық соңғы курс студенттері дуальді әдіс бойынша білім алуда. Әрине, бұл студенттерді тәжірибеден өтуге ынталандыратын жалғыз механизм емес, олардың барлығы бірінші курстан бастап дипломға дейін міндетті түрде мектеппен тығыз байланыста болады. Әдіскерлерден бөлек оқытушыларымыз да мектептерге жиі барып, студенттерінің ашық сабақтарына белсене қатысады. Орта білім саласына енгізіліп жатқан барша жаңалықтармен алдымен педагогикалық бағытта маман дайындайтын жоғары оқу орындары таныс болу керек. 

Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде? Біріншіден, Оқу-ағарту министрлігі орта білім беруді дамыту жөніндегі құзыретті орган болып табылады. Біз осы министрлікпен, оның ішінде мектеп бағдарламалары мен жалпы оқулықтарға қатысты жауапты мекеме – Ы. Алтынсарин атындағы академиямен тығыз байланыс орнатып жатырмыз. Академиямен ұзақ мерзімді келісімге отырдық. Мектеп бағдарламалары мен университетімізде осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарды үнемі үйлестіріп отырамыз. Біз Оқу-ағарту министрлігі бекіткен стандарттарын ескеріп, ережелердің қалай өзгеретінін қадағалап, бұйрықтарын бақылап, тиісті мониторинг жүргізіп, соған сәйкес жұмысымызды реттеп отырамыз. Бұл өте маңызды мәселе. Біздің академиялық саясатымыз мектептегі жағдайға тікелей бағытталған болуы керек.

Орта білім берудің жаңартылған мазмұнының кәсіби стандарттарына сәйкес білім беру бағдарламаларымыз толығымен жаңартылды. Сондай-ақ студенттер негізгі мамандықтарымен бірге алатын жаңа Minor бағдарламалары енгізілуде. Университет 2023-2024 жылғы оқу жылында Финляндия озық университетері мен Назарбаев университеті сарапшыларының қатысуымен «Педагогикалық әлеуетті күшейту» жобасы аясында әзірленген мұғалімдерді даярлау бойынша 12 инновациялық білім беру бағдарламасын пилоттық түрде іске қосты. Аталған бағдарламалар география, физика, математика, информатика, арнайы педагогика, көркемдік білім, музыкалық білім, дене шынықтыру және тарих-әлеуметтік зерттеулер пәндері бойынша жаңа форматтағы мектептердің болашақ мұғалімдерін даярлауға бағытталған. Жаңа бағдарламаларға барлығы 718 адам қабылданды, оның 63-і магистратура бағдарламаларын таңдады. Осы жоба аясында университет оқытушылары білім беру бағдарламаларын әзірлеу және геймификация, flipped classroom әдісі, case study сияқты инновациялық оқыту әдістерін қолдану бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Болашақ педагогтерді даярлауда мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін, инклюзивті білім беруді, STEM және CLIL тұжырымдамасын дамытуға ерекше назар аударылады.

Ең алдымен, біз білім беру саласындағы мамандарды даярлаудың әлемдік тәжірибесін көбірек ескеруіміз керек. Соның ішінде тиісті технологияларды пайдалана отырып, жалпы білім беру үдерісін қолжетімді және интерактивті ететін жаңа әдістерді енгізу. Бізге шет елдердің озық тәжірибесін қабылдау керек. Дегенмен, біз педагогтарды дайындайтын университетпіз, сондықтан өз ерекшелігіміз бар. Бұл ең алдымен еліміздегі қазіргі мектеп жағдайына байланысты. Осыған байланысты, біз жаңа оқу бағдарламаларының басты ерекшелігі болып табылатын инклюзия бағытында жақсы нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Аллдағы уақытта бұл саланы ары қарай дамыту жолдарын қолға алып отырмыз. Заманауи бағдарламаларға елімізде ғана емес, шет елде де сұраныс жоғары. Абай университетінің маңызды бағыттарының бірі – бұл алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибені енгізіп қана қоймай, сонымен қатар әртүрлі білім беру әдістері мен тәсілдерін технологиялық жағынан жетілдіріп, өзіндік үлгіні дамытады.Жаратылыстану нақты ғылымдар бойынша пәндік мұғалімдерді, шет тілінде сабақ бере алатын педагогтарды даярлау мәселесі әлі де бар. Мұның бәрі, әрине, университеттің халықаралық аренада алға жылжуын бәсеңдетеді. 

Мемлекет басшысының және министрліктің жоғары оқу орындарына қойған маңызды талаптарының бірі – оқу процесін цифрландыру. Болашақта бүкіл цифрлық университетті тұтас жасыл экожүйе деп айта аламыз. Қазіргі уақытта цифрлық университет жобасы Оңтүстік Кореяда ғана тиімді жұмыс істеуде. Білім беру үрдістерін цифрландыру - заман талабы, сондықтан биыл біз бұл бағытты академиялық мәселелер жөніндегі проректордың құзыретіне беріп отырмыз. Бұл ең алдымен цифрлық сауаттылық. Бұл жерде біз сауаттылықтан гөрі құзыреттілік туралы айтуымыз керек. Өйткені, біз цифрлық сауаттылықты қамтамасыз етуге қатысатын мамандарды даярлауымыз керек. Одан бөлек, өмір бойы білім алу жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету бар. Қазір университеттің маңызды бағыттарының бірі – үздіксіз білім алуға жағдай жасау. Егер мамандық иесі өзмамандығын ауыстырып, мұғалім болғысы келсе, оған осындай мүмкіндік жасау керек. 

Бұдан бөлек, университеттің үшінші миссиясы туралы жалпы түсінік бар. Бұл профессор-оқытушылар құрамы. Бұл дегеніміз,осы университеттің ертеңгі әлеуетін жасап отырған ортаға тиісті әлеуметтік қолдау көрсету, жағдай жасау. Оқытушылардың кәсіби дамуы,өзгерістерді басқару қабілетін зерттеуге негізделген оқыту үрдісін және пәнаралық оқыту бағыттарын дамыту, бұның барлығы осы жаңашылдықтың негізі болу керек.

Болат ТІЛЕПОВ,

с.ғ.к., профессор

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры – Басқарма төрағасы