Экс-орынбасар алаяқтық әрекеті үшін абақтыға қамалды
"Аграрлық несие корпорациясы" директорының экс-орынбасары сотталыпты
"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Ақтөбе филиалы директорының бұрынғы орынбасары алаяқтық әрекеті үшін сотталды, - деп хабарлайды newsroom.kz порталы ҚМА мәліметіне сілтеме жасап.
Соталды тергеп-тексеру барысында шаруа қожалығының басшысы шетелден әкелінген 277 бас асыл тұқымды малды сатып алу үшін "Сыбаға" бағдарламасы бойынша несие желісін ашу туралы өтінішпен корпорация филиалына жүгінгені анықталды.
"Оған 90 миллион теңге көлемінде несие қаражаты бөлінді. Осыдан кейін сотталған азамат шаруа қожалығының басшысын алдау арқылы Ресейден мал сатып алу-жеткізу туралы ЖШС-мен шарт жасатқан.
Шаруа қожалығының басшысы есеп айырысу шотына 90 миллион теңге аударған, бірақ бұл қаражатты корпорацияның Ақтөбе филиалы директорының орынбасары жеке қажеттіліктеріне жұмсаған" - делінген хабарламада.
Ол бес жылға бас бостандығынан айырылды.
"Егер сіз өкілеттіктерді теріс пайдалану, қаражатты жымқыру немесе басқа да экономикалық құқық бұзушылықтар фактілері жайлы білсеңіз, "АФМ Insider" телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі".