Шоубиз

Ақын-депутат Әлтаев Астанадағы AKON-ның концертіне ашуланыпты

Аманжол Әлтаев елордада өткен Эйконның концертіне ашуланыпты

Ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев Қазақстанға жеке концертімен келген әнші Akon-ды қарсы алған ұйымдастырушыларды да, сахнада мәдениетсіздік көрсеткен жастарды да сынға алды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.

"Астана өткен Akon-ның концертіне қатысты бірнеше аспектілерге тоқталайын. Бірінші концерт кезінде жанкүйер жастар әншіге іш киім лақтырып, төмен моральдық мінез-құлық көрсетті. Еліміздің беделіне нұқсан келтірді. Бұл жастар тәрбиесінің әлсіздігін көрсетеді. Екіншіден, ұлттық өзегі әлсіз, өзгені пір тұтқыш жастар әндердің контекстінде байқалатын гендерлік кемсітушілік мәселесін, қыздардың намысын, абыройын қорлайтын теріс мазмұнын аңғармай, есі кетті. Үшіншіден, "Smack that" әнінің мәтінінен эротикалық сипаттағы нәпсіні қоздыруға итермелейтін, сананы лайлап, тәрбиеге теріс әсер ететін қауіпті мазмұнды аңғарамыз. Төртіншіден, ұйымдастырушылардың әншіні ұлттық киіммен қарсы алып, домбыра сыйлағандары тіптен орынсыз деп ойлаймын. Біз мәдени атрибуттарымызды ілгерілетуде, насихаттауда талғамды болуымыз керек.

Ұлттық музыкалық мұрамыздың символы - қасиетті домбыраны жезөкшелік пен әйелді қорлауды насихаттаудың айқын сипатына ие "Smack that" сияқты әндерді орындайтын әншіге беру парықсыздық. Ұлттық құндылықтарды табанға таптау деп қабылдаймын. Бесіншіден, бұған күні кеше ғана "Fifty Cent" деген лақап атпен танымал шетелдік рэпердің Алматыдағы концертін мысалға келтіруге болады. Әлгі рэпердің сонда біздің елге қарата әлеуметтік желіде айтқан алғысы келекеге айналды.

Қорыта айтсақ, елімізге гастроль деп, келген шетелдік әншілер мен шомендерге аңқау елге арамза молда болып жүрген арзанқол ақыл саудалағыш түрлі коучерлерге ешқандай талғаусыз есігімізді айқара ашып қойдық. Соның зиянды салдарын қазір тартып жатырмыз. Жоғарыдағы жағдай солардың бір-екеуі ғана. Осы ретте Үкіметтен тез арада төмендегідей шараларды қолға алуды ұсынамын.

Мәдениет және ақпарат министрлігі шетелден елімізге келетін мәдени өнімдерге, гастрольдік сапармен келушілерге қойылатын нақты талаптар жиынтығын әзірлеуі тиіс. Біздің нормамыз бен ұстанымымызға қарсы келетін өнімді таратпау үшін шетел әртістерін таңдауда қатал тәртіптер сақталсын. Мәдени қауіпсіздік сақталу үшін елімізде өткізілетін концерттердің біздің ұлттық құндылықтарымызға зияны тимеуі қарастырылсын. Оқу-ағарту министрлігі мектеп бағдарламасына салт-дәстүр және ұлттық құндылықтар пәні енгізілсін,- деді депутат.