Аймақтар

"Орыстарға қару таратқан генерал": Жамбылдағы "Гродеково" ауылының атауы қашан өзгереді?

Жамбыл облысындағы "Гродеково" ауылының атауы туралы не білеміз?

Қоғам қайраткері Өмір Шыныбекұлы әлеуметтік желісінде Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы Гродеков ауыл округі мен Гродеков ауылының атауына байланысты ақпаратпен бөліскен еді. Жазуынша, Сырдария облысының әскери губернаторы  Н.И.Гродеков 1888 жылы әрбір орыс поселкесіндегі тұрғындарды қаруландыруға қаржы бөлу туралы Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Н.О.Розенбахқа өтініш жасап, қаруландырған. Newsroom.kz ақпараттық порталы осындай саясатты жүргізген генералдың атауы берілген ауыл атын өзгертуге не кедергі екендігін анықтап, Жамбыл облысының әкімдігіне сұраухат жолдады.

Жамбыл облысы әкімдігінің айтуынша, Гродиково ауылдық округі мен Гродеково ауылын өзгерту үшін тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сауалнамалар алынған көрінеді. 

"Мағынасы ескірген Гродиково ауылдық округі мен Гродеково ауылының атауын өзгерту және қайта атау бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу тұрақты бақылауға алынып, жоспар бекітілген.
Бекітілген жоспарға сәйкес, 2023 жылғы ақпан – мамыр аралығында Гродиково ауылдық округінің атауын ауыстыруға байланысты Гродиково ауылдық округі тұрғындарының арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнаманың қорытындысы бойынша ауылдық округ тұрғындарының 67%-қолдағанын, 7%-бәрібір, 26%-қарсы екендігі анықталды. Сонымен қатар, сауалнама қорытындысымен тұрғындарды таныстыру, ауыл тұрғындарының ұсынысын ескеру мақсатында 2023 жылдың 15 мамырында «Ономастика жұмысының критерийлері» тақырыбында кездесу өткізіліп, №3 хаттамамен рәсімделді.

 Кездесу барысында тұрғындарға, мағынасы ескірген Гродиково ауылдық округі мен Гродеково ауылының атауын өзгерту барысында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес обьектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктерге, олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау кезінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында ұсынылған «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдері мен қайта атау жұмыстарын жүргізу барысында «Әдістемелік ұсынымдар» басшылыққа алынатыны және «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі Заңы түсіндірілді.

Гродиково ауылдық округіндегі тұрғындар саны – 6906, дауыс берушілер (18 жастан асқан) саны – 4455, аула саны – 1339. 2023 жылдың ақпан – мамыр аралығында жүргізілген сауалнамаға (18 жастан асқан) округ тұрғындарының 2894 (64,9%) қамтылды",- делінген әкімдік хабарламасында.

Ал, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулар» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін қайта жасақтауға байланысты 2023 жылғы 22 тамыздағы №18-07-10/1998-И хаты негізінде уақытша атау беру және қайта атау жұмыстары тоқтатылған көрінеді.

"Алдағы уақытта идеологиялық тұрғыдан ескірген Гродиково ауылдық округі мен Гродеково ауылына атау беру және қайта атау жұмыстары «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы заңы және «әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2023 жылғы 1 тамыздағы №211 бұйрығына сәйкес жүргізілетін болады.",-дейді Жамбыл облысы әкімдігі.
 

Гродиково ауылдық округіне қарасты 2 елді мекен (Гродеково, Қызылдихан) орналасқан. Округ аумағында 28 көше бар. Оның ішінде, кісі есімімен аталғаны – 6, жер-су атаулар – 11 және дәстүрлі атаулармен аталған 11 көше бар.

фото: beloedelo-spb.livejournal.com

Өмір Шыныбекұлының "Ауыл тарихы  - ел тарихы" кітабында Гродековтың қазаққа сіңген "еңбегі" жазылған. Жазуынша, "...Сырдария облысының әскери губернаторы генерал Гродеков (02.06.1883—12.06.1892 ж.ж.): «Түркстандағы әрбір орыс поселкесі орыс әскерінің бір батальонына тең болар еді» дегенді жиі қайталаған екен.

 Кейінірек, 1888 ж. Гродеков келімсектерді қаруландыруға қаржы бөлу туралы Түркстан өлкесінің генерал-губернаторы Н.О. Розенбахқа (01.02.1884—28.10.1889 ж.) өтініш жасаған. 

Оның мақсатын өлкенің келесі  генерал-губернаторы барон А.Б. Вревский (28.10.1889—17.03.1898 ж.) 1892 ж. іске асырып, орыс поселкелерінің тұрғындарына қару – жарақ бөліне бастады. 

 Мысалы, 1898 ж. Жетісуда 3000 мың винтовка таратылды. Оның ішінде 1000 винтовка орыс  казактарына тисе, 2000 винтовкаға мұжықтар ие болған көрінеді.

Осынадай озбыр саясатты жүргізген орыс генералының атауы қашан өзгеретіні белгісіз. Үміт үзілмесе, жарқын болашақта қазақтың шоқтығы биік тұлғаларының есімі бұл ауылға беріледі деген сенімдеміз.