16 жасында үйінен кетіп қалған ақмолалық жігіт 9 жылдан кейін табылды
16 жасында үйінен кетіп қалған ақмолалық жігіт 9 жылдан кейін табылды
Ақмола облысында осыдан 9 жыл бұрын жоғалған 25 жастағы жігіт табылды, - деп хабарлайды NewsRoom+ тілшісі KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Қосшы ауылының тұрғыны Гүлдариға Нұрбаева 16 жастағы ұлы Мұхтарды соңғы рет 2011 жылы көрген.
Жас жігіттің бірнеше рет үйінен кетіп қалып жүрген. Оның жоғалғаны туралы алғаш 2011 жылдың 29 қыркүйегінде полицияға арыз түскен.
Кейін тәртіп сақшылары Мұхтарды тапқан. Алайда, арада бір ай өткен соң жас жігіт белгісіз себептермен жеке заттарын жинап, үйінен тағы кетіп қалған. Осыдан соң Мұхтардан хабар болмаған.
Полиция жас жігітті іздеу үшін арнайы топ құрып, көрші облыстар мен елорда аумағында іздестіру жұмысы жүргізілген. Алайда іздеу шаралары нәтиже бермеген.
"Дегенмен, 2020 жылдың мамыр айында 9 жылдан кейін 25 жасқа келген Мұхтардың Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы бір ауылда жүргені анықталды. Осы уақытқа дейін ол таныстарының үйінде болған және анасымен байланысқа шығудан бас тартты.
Оның үйінен кетіп қалуына отбасындағы кикілжің түрткі болған. Қазіргі кезде оның анасы Нұр-Сұлтан қаласында тұрады және ұлының табылғанына қуанышты", - деп хабардар етті полициядан.
Еске сала кетсек, осыған дейін Ақтөбеде іздеу салынған 16 жастағы жасөспірім қыз аман-есен табылғанын жазған болатынбыз.