Жаңалықтар

Қашан келеді? Нұртілеу Кэмеронды Қазақстанға шақырыпты

Сұхбат барысында тараптар саяси және сауда-экономикалық байланыстарды, сондай-ақ көпжақты құрылымдар аясында өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады.

Британ тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Сыртқы істер, достастық және халықаралық даму министрі Дэвид Кэмеронмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды newsroom.kz.

Министр М.Нұртілеу Қазақстан тарапының қазақ-британ стратегиялық әріптестігін жан-жақты тереңдетуге бейілділігін растап, Д. Кэмеронды Астанаға сапармен келуге шақырды.

Тараптар жақын арада Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қою мемлекетаралық өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

ҚР СІМ басшысы Қазақстан Президентінің жүргізіп жатқан саяси және экономикалық реформаларына ерекше тоқталып, олар екі елдің өзара қарым-қатынасын кеңейту үшін кең перспективалар ашатынын мәлімдеді.

Министрлер сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, екіжақты ынтымақтастықтың алдағы жоспарларын талқылады.