Қазақстан наурыздың ортасында коронавирус тараған тұста халықаралық әуе рейстері мен жолаушылар автобусын елге кіргізуді тоқтатқан.
Қолдарына Қазақстан паспортын ұстап тұрғандардың бірі "Наурыз айында Моңғолияға келген едік. Короновирусқа байланысты қайта алмай қалдық. Ол жақта біреуіміздің туысымыз, біреуіміздің бауырымыз, біреуіміздің баламыз қалды" дейді.
Моңғолияда қалып қойған Қазақстан азаматы Оразай Ғалымбекұлы Азаттыққа Моңғолиядан Қазақстанға қайта алмай отырғандар жүзден асатынын айтты. Оның жыртысынан көбі Баян-Өлгей аймағында, қалғандары Моңғолия астанасы Уланбатор қаласында.
- Наурыз айында атам қайтыс болып, соған келген едім. Қазақстанда, Ақмола облысында аяғы ауыр әйелім қалған еді. Жақында уақытынан бұрын босанды. Қазір отбасыма жете алмай отырмын, - дейді Ғалымбекұлы.
Моңғолиядан қайта алмай қалған Қазақстан азаматы барын сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров та растады. Министрлік өкілінің айтуынша, Моңғолияда қалғандардың қазірше нақты саны белгісіз. 22 мамыр күні Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Жалғас Әділбаев Баян-Өлгей аймағына барып, қайта алмай қалғандармен кездесіп қайтқан.
- Қазір Моңғолия-Ресей тараптарымен келіссөз жүргізіліп, оларды автобуспен әлде ұшақпен әкелу мәселесі қарастырылып жатыр. Ұшақ қондыруға Баян-Өлгейдің әуежайы ыңғайсыз, көп ұшақтыі қабылдай бермейді және ол жақта қалғандардың барлығы бірдей ұшақтың қаржысын өтеуге қауқарсыз. Ал автобуспен алып қайту үшін екі елдің арасына арнайы дәліз жасау керек. Ол үшін Мәскеумен келісу керек. Сондықтан да оларды алып қайту мәселесі кешеуілдеп жатыр, - деді Смадияров Азаттыққа.
Моңғолияның батысында орналасқан Баян-Өлгей аймағында қазір шамамен 100 мыңдай қазақ тұрады.
Ақпарат: https://www.centralasian.org/ порталынан