Қазақтың қой еті араб шейхтарының жеңсік асына айналды
Еліміз қой еті экспортынан әлемдік лидерге айнала алады.
Арабтар отандық қозы етінің әр келісі үшін 4 700 теңгедей төлеуге дайын, деп хабарлайды newsroom.kz.
Араб елдері дәстүрлі түрде қой етін Жаңа Зеландиядан, Австралиядан тасып жейді. Осыдан сегіз жылдай бұрын олар қазақтың қой етінен дәм татып көрді. Содан бері бұл – олардың сүйікті асына айналды. Себебі, жаңазеландиялық, австралиялық қойлардың етінің кермек дәмі бар. Ал қазақстандық ет Таяу Шығыс, Парсы шығанағы елдерінің сөрелерінде премиум-сыныптағы өнім ретінде сатылады.
"Біздің қой еті шетелдік баламаларынан тіске жұмсақтығымен, дәмінің жоғары сапалылығымен қатты ерекшеленеді. Өйткені біздің төрт түліктің жем рационы жақсы, жасыл желек көмкерген жайлауда еркін жайыла алады. Бұл – экологиялық таза ет саналады", – деп түсіндірген еді ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы, Valmont Industries менеджері Гүлнәр Тілеуова.
Сондықтан болашақта Қазақстан қой етін экспорттаушы жаһандық алпауыттардың біразын артқа тастай алады. Әзірге оған тосқауыл көп.
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, дүниежүзінде Австралия, АҚШ, Жаңа Зеландия мен Қытай қой өсіруден көш бастап тұр. Бірақ соның ішінде Қытай әлі күнге тіпті ішкі нарығын да толық қамти алмай келеді және импортқа тәуелді елдердің алдыңғы қатарында. Ал Парсы шығанағы елдері болса, дәл Қазақстаннан қой етін барынша көп әрі қымбатқа алуға дайын.
Өкініштісі сол, Қазақстан ол сұранысты өтей алмай отырған көрінеді. Ал араб елдері мен Иран Қазақстаннан қой етін тұрақты түрде, үзіліссіз, әрі жыл он екі ай бойы жеткізуді талап етеді.
Сондықтан қой шаруашылығын дамытудың маңызы зор, перспективасы жарқын. Үкімет осы мақсатта "Атамекен" палатасына Қой шаруашылығын дамытудың бөлек бағдарламасын әзірлеуді жүктеді. Тапсырманы жүзеге асыру үшін ұлттық палата қой шаруашылығының мамандарын, салалық қоғамдық бірлестіктер мен фермерлерді, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ветеринария комитетінің өкілдерін жұмылдырып, жұмыс тобын құрған болатын. Топ құжаттың бастапқы жобасын әзірлеп те үлгерді.
"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеевтің айтуынша, Қазақстанда жылына 90-100 миллион қой өсіруге мүмкіндік бар. Алайда кедергі көп, мемлекеттік қолдау мен субсидия аз. Қой өсіруге банктер қолжетімді несие бермейді, басқа қаржы құралдары жоқ. Оның үстіне мал ұрлығы да өршіп тұр.
2022 жыл қорытындысында Қазақстан 10,3 мың тонна ғана қой етін шетелге экспорттай алды. Соның өзінде еліміз әлемде 17-орынға көтерілді. Яғни, жаһандық жиырмалыққа еркін енді. Бірінші орында – Австралия тұр. Ол бір жылда 503,6 тонна қой етін әлемдік қара базарға өткізе алды. Екінші орынға бір жылда 165 мыңдай тонна қой етін экспорттаған АҚШ орналасты.
Сарапшылар саладағы жаһандық көшбасшыны орнынан жылжыту – алынбас асу екенін жасырмайды, әйтсе де өзге лидерлерді ығыстыру Қазақстанның қолынан келеді. Республиканың бұл өндірісті арттыру перспективасы мол. Суару орындары болмағандықтан, әсіресе, шалғайдағы миллиондаған гектар жайылым игерілмей жатыр. Жұрты көшкендіктен, шекарадағы шөбі шүйгін қаншама жер бос қалды.
Ұлттық палатадағы жиындарда меморгандардың өкілдері қой бағуға жарамды жайлаудың үлкен бөлігі қажетке жаратылмай жатқанын растады.
ElDala.kz мамандандырылған порталының мәліметінше, бүгінде Қазақстан жыл сайын шамамен 155 мың тонна қой етін өндіреді. Оның көбін халқымыз өзі жейді. Сөйтіп, отандық қой өсірушілер ішкі нарықтың қажеттілігін тұтасымен дерлік өзі өтеуде.
Импорттаушылар бұрынғы жылдары Орталық Азиядан, Моңғолиядан қой тасып, өткізіп көрді. Бірақ олардың иісі мен дәмін жаратпаса керек, қазақтар арасында үлкен сұраныс болмады.
"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев палатаның Қой шаруашылығын дамыту бағдарламасының жобасын дайын еткенін жеткізді.
Бағдарламаның басты бір міндеті – Шопан ата түлегінің басын 2030 жылға қарай екі еселеу. Қазіргі 20 миллионнан 40 миллионға дейін ұлғайту болмақ. Бұл оның экспортын да күрт, еселеп арттыруға мүмкіндік береді.
"Егер осы мұратқа жете алсақ, Қазақстан қой етін экспорттаушылардың әлемдік рейтингінде АҚШ-ты төмен ысырып, екінші орынға шығуы ықтимал. Дегенмен, біз үшін басты басымдық – еттің осы түрімен ішкі нарықты толық қамту болуға тиіс. Тек өзімізден артылғанды ғана сыртқы нарыққа сатуымыз керек. Тиісінше, осы "артылғанның" көлемі мейлінше көп болғанына қол жеткізу – маңызды міндет. Дүниежүзінде етке деген қажеттілік артып келеді.Көрші Қытайдың сұранысы да тез ұлғаюда. Әзірше шың еліне қазақстандық ет экспортына жол жабық. Бірақ оның жеткізілімін қайта жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл перспективаны да ескеріп, соған әзірлене беруіміз қажет", – деді Е.Есенеев.
Онсыз да Қазақстан үшін алып нарық ашық тұр. Ол – араб елдері. Экспорттаушылар араб әлемінің сұранысы ерекше екеніне назар аудартады: олар қозының, әрі кетсе, марқаның етін ынтыға жейді. Яғни, жануарды 5 айдан ұзатпай, сойып отыру қажет. Бұл кезде оның салмағы небары 17-22 келіні ғана құрайды. Салдарынан бұдан ет экспортының статистикасы көп өспейді. Әрі мемлекет те қозыдан гөрі ересек қойларға көбірек субсидия береді.
Парсы шығанағы елдері қазіргі кезде жылына шамамен 100 мың тонна қозы етін импорттайды.
"Әр келісін орта есеппен 8 доллардан алады. Бізден 2022 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне орташа 6,8 доллар бағамен 1 958 тонна, Кувейтке – 8,5 доллармен 216 тонна, Оманға – 6,9 доллармен 18 тонна, Бахрейнге – 8,2 доллар бағамен 11 тонна ғана қозы еті жеткізілді. Қозы еті оларға ұшақпен тасымалданады. Осы бағаға авиатасымалдау шығыстары кіреді. Бұл да жақсы баға. Бірақ өкінішке қарай, Қазақстанда тек 3 әуежайда ғана салқындатылған ет сақтауға болатын тоңазытқыштар бар. Салдарынан, басқа әуежайлардан қозы етін экспорттай алмаймыз. Арабтар мұздатылған етті құмарлана жемейді, салқын қарайды", – деді сарапшы.
Арабтар қазақы қозы етінің сатып алу құнын 10 долларға (4 700 теңгедей) дейін арттыруға даяр.
Демек, қой етінің экспортын арттырғысы келсе, Үкіметке өзге өңірлеріміздегі халықаралық әуежайларды жаңғыртуға тура келеді. Бүгінде билік әуежайларды шетелдік қожайындардың қолына ұстатуға әуестене бастады. Ал олармен келісімде мұндай талап, яғни мұздатқыштармен жабдықтау мүлдем қарастырылмаған. Ет экспортының алдынан тұрған осы үлкен кедергі болашақта да кесірін тигізе беретінге ұқсайды.
Шөлде отырып, ақша дариясында шомылған арабтарға қолы жетпеген соң қазақстандық қой өсірушілер "жанындағысын қарақтауға" мәжбүр. Отандық қой етінің негізгі өткізу нарығы – Өзбекстан. Ала шапанды ағайындар палау толы тайқазандарына тоғыту үшін 2022 жылы бізден 8 105 тонна қой етін алып кетті. Өзбектерде тамақ арзан екені баршаға мәлім, тиісінше, өзбек импорттаушылары қой етін аса арзанға – әр келісін орта есеппен 3,2 доллардан (1,5 мың теңгеден) тасып жатыр.
Айтпақшы, екі жыл бұрын облыстардағы жауапты шенділер мен олардың сыбайлас фермерлері құрып алған, миллиардтаған теңге субсидияларды ұрлауға жол ашқан коррупциялық схемалар әшкереленгені белгілі.
Сол схемалардың бір ұштығы Өзбекстанға мал экспортымен байланысты екені әшкереленісімен, 2022 жылы бұл елге тірі малды сатуға тыйым салынды. Содан бері өзбектер етті көбірек сатып ала бастады. Салыстырсақ, 2021 жылы Өзбекстан шамамен 119 мың тірі қойды әкетіпті. Ал қой етінің тек 1 359 тоннасын ғана алған. Бір жыл ішінде ет көлемі бірден 6 еседей артып отыр.
Ербол Есенеевтің байламынша, Қазақстан жылына 100 миллион бас қой өсіру үшін екі басты түйткілдің түйіні тарқатылуға тиіс. Біріншіден, фермерлер, жалпы қой баққысы келетін адамдар, осы салаға қаржысын салуды қалайтын кәсіпкерлер жайылым жерлермен қамтамасыз етілуі керек. Екіншіден, оларды арзан, ұзақ мерзімді кредитпен қамту маңызды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 22,9 миллион гектар жерде қой бағылады. Оның үлкен бөлігі – ауыл-қала айналасындағы жерлер. Сарапшылар ауыл шаруашылығы жерлерінің басым бөлігі "запастағы жер телімдері" қорында тұрғанын және пайдаланылмайтынын қаперге салды. Олар шөпке бай емес, сондықтан сиыр мен жылқы жайыла алмайды. Ал қойдың оттауына жарап жатыр.
Мамандармен ақылдасқан "Атамекен" палатасының пайымдауынша, 2030 жылға қарай 43,6 миллион гектарға дейін қосымша жайылымды қой шаруашылығына беруге болады.
Кеңес кезінде қиян даладағы жайлауларда қой шаруашылығын дамыту қуатты қолдау тапты. Осы мақсатта оларға жолдар төселді, қаптатып құдық қазылды. Халық арасында осыны насихаттау үшін түрлі кино түсірілді. Мысалы, "Гауһартас" көркем фильмінде белді шопан Тастанның және оның жүрегі мейірімге толы, әрі дауысы да жағымды Салтанаттың образында осы саланың еңбеккерлері жақсы дәріптелді.
Жаңа бағдарламада қой шаруашылығының пиарына мән берілмеген. Бірақ ең басты мәселелерін шешу жолдары көрсетілген. Мысалы, алыс жайылымдардың өнімділігін арттыру үшін оларды суландыратын, құдық қазатын, жемазық шөптерін егетін, сондай-ақ заманауи технологияларды қолданатын фермерлерді ынталандыру шаралары ұсынылыпты.
Мәселен, Австралияда қой бағу саласына "электрлі шопан", түрлі дрондар сияқты технологиялар ендірілген.
Қазақстанда қойдың басын ұлғайтудың діңгегі ретінде қазақтың Еділбай қой тұқымы белгіленді. Тұқымы да асыл, тез көбейеді. Ешкі сияқты екі төл бере алады. Бүгінде Қазақстанда оның жалпы саны 544 мыңнан асты. Мамандардың пікірінше, тексіз жануарларды асылдандыру, етінің сапасын жақсарту үшін осының өзі жеткілікті. Өйткені шетелден асыл тұқымды қой тасу доғарыла бастады.
Қой шаруашылығын дамытуға 100 миллиард теңге бөлу үсынылып отыр. Ол бөлінсе, фермерлер 2,5% жылдық ставкамен 10 жылға 5 миллиард теңгеге дейін арзан кредит ала алады. Ол қаржы қой өсірілетін фермаларды кеңейтуге және жаңасын ашуға, мал мен техника сатып алуға, ет комбинаттарын модернизациялауға берілмек.
Соңғы шешім – Үкіметте.