Түркістан: Түлкібаста жолда қалған 500-ден астам жолаушыға көмек көрсетілді
Бұрқасын желмен толассыз жауған қар еліміз бойынша күре жолдардың біршамасын жауып, көлік жүргізушілері мен жолаушыларға ыңғайсыздық туғызып отыр.
Сол жолдардың бірі «Батыс Еуропа-батыс Қытай» автодәлізінің бойындағы Шымкент қаласынан Жамбыл облысының бағыты, деп хабарлайды newsroom.kz.
Шекараның бергі тұсы - Түлкібас ауданына қарасты Шақпақ-баба елді мекенінде және Жаскешу ауылының маңында 12 желтоқсаннан бері жолдың жабылуына байланысты қалған автокөлік жүргізушілері мен жолаушыларға аудан әкімдігінің және Түлкібас ауданы мәслихатының ұйытқы болуымен жылыну пунктері ұйымдастырылып, ыстық тағамдар мен нан, су және шай берілуде.
Тәулік бойы аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар бөлімінің және коммуналдық қызмет мекемелерінің мамандары жолда қалған көліктерді қар құрсауынан шығару жұмыстарын іске асырып, электр жарығы, ауыз су өшкен елді мекендерде жөндеу жұмыстарын дер кезінде іске асыруда.
Қазіргі таңда Шақпақ ауылдық округінде мәдениет үйі мен мешіт және «Евраскон» мекемесінің базасында және Жаскешу елді мекенінің мешітінде жылыну пунктері жолаушыларды қабылдауда.
Жалпы соңғы тәулікте қар құрсауында қалған 500-ден астам адамға демеушілер есебінен ыстық тағамдар таратылды.
Осы ретте, жанашырлық танытып, жол азабын шеккен жандарға қолдау білдірген аудандық мәслихат депутаттары мен басқа да демеушілерге ел алғысы мол.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі