Жаңалықтар

«Тойыма ақша табу үшін қой ұрладым». Ақмола облысында қой ұрлағандар ұсталды

Күдіктілер екі отбасының қорасына түскен

Ақмола облысында екі адам мал ұрлау фактісі бойынша ұсталды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ақмола облысы Целиноград ауданының екі тұрғыны Талапкер ауылындағы шаруаның қорасына ұрлыққа түсіп, 20 бас қойын ұрлап кеткен. Шығын мөлшері – 1 миллион теңге. Осы ауылдың екінші тұрғыны да арыз түсіріп, 5 бас қойын ұрылардың қолды еткенін жазған. Жергілікті полицейлер ауыл тұрғындарының тынышын алып, ұйқысын бұзған ұрыларды ұзатпай қолға түсірді.

«Қылмыстық  кодекстің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу бастап,  «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Целиноград ауданы мен астананың аумағында криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін өткізді. Нәтижесінде Қажымұқан ауылының екі тумасы анықталып, ұсталды. Тергеу іс-шаралары барысында ұсталғандардың елді мекенге, жалға алынған автокөлікпен келгені, малды ұрлап әкетіп сойғаны» анықталды.

Заттай айғақ ретінде қойдың терісі мен еті тәркіленді. Күдікті жақын арада шаңырақ көтеруіне байланысты қаражат іздеп, ұрлыққа шыққанын мойындады.