«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының су жаңа қожайыны болып Forbes тізіміне енген отандық миллиардер Андрей Лаврентьев тағайындалды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы dala inside телеграм каналына сілтеме жасап.
Телеграм арнаға келген ақпарат бойынша Лаврентьев жауапкершілікті мойнына алып, кәсіпорынды дамытатынын айтқан. Өйткені Миттал қалтаның қамын күйттеп, компанияны мүлде қараусыз қалдырған еді.
Әуелде Лакшми Миттал компанияны 3,5 млрд долларға бағалаған. Келіссөздер барысында тараптар 286 миллион долларға тоқтады. Лаврентьев бұдан бөлек компанияның екі несиесін төлеп беруі керек. Оның 250 миллион доллары қысқа мерзімді несие, қалған 250 миллион ұзақ мерзімді. Жаңа қожайын 4 жыл ішінде комбинаттың 500 миллион доллар қарызын өтейді.
DALA INSIDE-қа жеткен ақпарат бойынша, Андрей Лаврентьевтің ұлты неміс. 1979 жылы Алматыда туған. Лаврентьев Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең ықпалды 50 кәсіпкер тізімінде 26-шы орында тұр.
Жұбайы – Гауһар Ихсанова, ұлты қазақ. Қазақ болғанда да, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті түсті металлургия бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Ахмет Әділовтың немересі. Кеншінің ұрпағы. Әділов – Қаныш Сәтбаевтың жан жолдасы болған. Соның арқасында Никольск қаласының атауы Сәтбаев болып өзгергенін біреу білсе, біреу білмес. Алматыдағы бір көшесін де Сәтбаев есімімен ататты.
Бүгінде Андрей мен Гауһар алты бала тәрбиелеп отыр. Әкесі – Сергей Петрович, техникалық гидротехникалық құрылыстың инженері, ғылым кандидаты, оның жобасы бойынша Бартоғай су қоймасына бөгет салынған. Анасы – Элла Антоновна – Мемлекеттік жоспарлау комитетінің экономисі, Германиядан көшіп келген отбасының қызы, Майер әулетінен Жамбылға белгілі педагогтер, ішінде қазақ тілі мен математика пәнінің мұғалімдері шыққан.