14 жасында зорланып, ұлды болған бойжеткеннің оқиғасы елді дүр сілкінтті
14 жасында зорланып, ұлды болған бойжеткеннің оқиғасы елді дүр сілкінтті
ашық дереккөзі
Алматы облысы Райымбек ауданында дүниеге келген Қызғалдақ Талғатқызының басынан өткен оқиға елді дүр сілкіндірді. 2001 жылы туған бойжеткенді 14 жасында үш жігіт жабылып зорлаған. 15 жасында зорлықшылардан сәбилі болған ол ауыр оқиғадан кейін енді ес жиып отыр.
Отандық бағдарлама эфирінде өзіне көмек сұраған Қызғалдақтың адвокаты Альбина Бақтиярқызы құпияға толы істің шет-жағасын түсіндірді. Адвокаттың айтуынша, қылмыстық іс белгісіз себептермен жабылып қалған.
"Қызғалдақтың ісі менің қолыма жақында түсті. Әзірге, оқырманға бөлісуге болатын ақпараттарды ғана айта аламын. Іс өте ауыр болғандықтан, бізге әлі көп жұмыс істеу керек. 2015 жылдың желтоқсан айында кәмелеттік жасқа толмаған Қызғалдақ Талғатқызын Алматы облысы Райымбек ауданының Қаратоған ауылынан Жамбыл ауылына алып кетіп, үш жігіт зорлаған. Олар қызды қорқытып, еркінен тыс, күш көрсету арқылы арын таптайды.
Зорлық оқиғасынан кейін, 2016 жылдың 6 қазанында Қызғалдақ Нұрәли есімді ұл баланы өмірге әкеледі. Қызғалдақ анасынан ерте айырылған. Аталған қылмыстық оқиға кезінде кәмелеттік жасқа толмағандықтан, әкесі Талғат Бекболатов аудандық полиция бөлімшесіне арыз түсіреді. Біз осы іске қатысты сұрау салдырдық. Қылмыстық іс Райымбек ауданының Кеген ауылында тіркелген.
Бірақ іс орта жолдан тоқтап, тараптардың татуласуы себебінен жабылды делінген. Алайда, еркінен тыс жәбірлеген кезде медиактивтік келісімге келу заңда қарастырылмайды", - дейді адвокат Альбина Бақтиярқызы.
Бүгінде Қызғалдақ Талғатқызы жалғыз ұлын өзі асырап отыр. Қызғалдақтың айтуынша, Дидар Үркембаев есімді өзін зорлаған жігіттердің бірі сараптама қорытындысы бойынша ұлдың әкесі деп танылған.
"Біз іспен одан әрі танысып, оның орта жолдан неліктен жабылғанын анықтау мақсатында Райымбек ауданына жол жүргелі отырмыз. Қызғалдақ 2001 жылы туған. Ауыр оқиғадан соң жан-жағына енді қарап, әділеттікті талап етуде. Әрине, оқиғадан анықталуы тиіс жағдайлар көп. Бір анығы – Қызғалдақ Талғатқызы Алматыда пәтер жалдап тұрады және ұлдың әкесі делінген Дидар Үркембаевтан алимент өндіру талап етпекші. Өйткені, анасынан айырылған әрі ұлын жалғыз асырап отырған Қызғалдаққа көмек қажет.
Заңгер ретінде істің дұрыс сараланғандығына үлкен күмәнім бар. Себебі бұл тұрғыда зорлау қылмысы орын алған, жәбірленуші 14 жастағы тұлға және оны күдіктілер білген. Қылмысты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, жасалған іс-әрекет жәбірленуші еркіне қарсы, күш көрсету арқылы жасалынған, яғни мұндай қылмыстық іс-әрекет ҚР Қылмыстық Кодексінің 120-бабында көзделген кәмелеттік жасқа толмаған тұлғаға қатысты істелінген зорлау қылмысы аса ауыр қылмыс санаттарына жатады. Бұл дегеніміз жария қылмыс. Мұндай қылмыс тараптардың татуласып, бір-бірін кешіруімен қысқаратын іс емес.
Қазіргі таңда нақты шешімді айтуға әлі ерте, біз әлі қысқарған іс материалдарымен танысуымыз қажет", - дейді адвокат. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қызғалдақ отандық бағдарламалардың біріне келіп, басынан өткен жайтты баяндап, елді жылатқан еді.
Ақпарат: KAZ.NUR.KZ порталынан