3000 сынама! Допингке қарсы орталық неге спортшыларымыздан көп сынама алуда?
Белгілі журналист допинг дауы туралы айтты
Белгілі журналист Аслан Каженов отандық спорттағы допинг дауы туралы айтты,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Сөзінше жыл сайын спортшыларымыздан 3000 сынама алынып, шетелге жіберіледі екен.
"Өз-өзімізді ұстап беріп жатырмыз...
Байқасаңыз, кейінгі кезде отандық спортта допинг дауы көбейді. Бұған дейін дұрыс деп ойлап келдім. Яғни, тыйым салынған препартты қолдануға болмайды және осындай жағдай анықталса, қатаң жазалау қажет. Бірақ, жуырда мәселеге тереңірек үңіліп, біртүрлі нәрсені байқадым. Біз, біз болғанда біздегі допингке қарсы орталық жыл сайын спортшылардан 3 мың сынама алып, шетелге тексеруге жібереді. 3 мың сынама. Бұл - өте көп. Мәселен, көрші Қырғызстан 10, Өзбекстан 100, ал, Беларусь 300 ғана тапсырады. Қазақстан - 3000. Неге? Әлгі елдерден немізбен ерекшеміз? Әлгіндей пробаны неліктен көп өткіземіз?",- дейді журналист.
Спорт және туризм министрлігі өткізген отырыстың есебі бойынша 93 адамнан допинг табылған көрінеді.
"Жуырда спортқа жауапты министрлік кеңейтілген отырыс өткізді және соның барысында 100-ге жуық спортшының ұсталғаны айтылды. Нақты саны, қателеспесем, 93. Оны кәдімгідей ауыз толтырып айтып, керемет баяндама жасады. 93 жағдай деген 93 адам, 93 тағдыр ғой. Біз оларды неге өзіміз ұстап беріп жатырмыз? Олардың алдағы өмірі біреуді алаңдата ма? Басшылықтың есебін естідік. Ал, енді спортшылардың мұңын кім естиді, уәжін кім тыңдайды? Мен тыңдадым. Допинг сынаманы өте жиі тапсыратынын айтады. Яғни, айналып бір адамдардан алына береді. Әрине, одан түбі шығады. Өйткені, әртүрлі жағдай болады. Ауырады, дәрі ішеді. Демалады, бірдеңе жейді. Тағысын тағы солай кете береді",- дейді Аслан Каженов.
Еліміздегі допингке қарсы орталыққа мемлекеттен 1 млрд теңге бөлінеді екен.
"Енді мына қызықты қараңыз. Елдегі допингке қарсы орталық пен зертханаға қазынадан жыл сайын 1 млрд теңгеге жуық ақша бөлінеді. Яғни, мемлекеттен қыруар қаржы бөліп, сол мемлекеттің намысын қорғайтын спортшыларды ұстап жатырмыз. Абсурд па? Әрине, абсурд. Басқа елдер олай жасамайды ғой. Менің білуімше, допингке қарсы орталық тәуелсіз болуы қажет. Сәйкесінше, қаржыны да мемлекеттен алмауы керек. Бұны бір деңіз. Бұдан бөлек, жоғарыдағы 3000 сынаманы неге 300-ге түсірмейміз? Неге 30-ға түсірмейміз? Ол өзіміздің қолымыздағы нәрсе ғой. Ешкім 3 мың өткіз деп міндеттеп жатырған жоқ қой.
Қысқасы, осы мәселені ары ойлап, бері ойлап, түбін түсіне алмадым. Допинг дауларына қатысты әлі де айтатын нәрсе көп. Алдағы уақытта айтам да. Ал, дәл қазір осыған бас қатырып отырмын. Сала мамандары болса, түйінін тарқатып берсе екен. Осы жерде ашық талқыласақ деген ұсыныс...",- деп қайырды журналист.