"Мұны қашанға құпия сақтайсың?" Арынбаев Дариға Назарбаеваға арнаған әні жайында айтты
Медеу Арынбаев "Дариға жүрек" әнінің кімге арналғанын айтты
Белгілі әнші Медеу Арынбаев қазір хит болып жүрген "Дариға жүрек" әні әу баста кімге арналып жазылғанын айтты,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы. "Динамен Дұрыс" ютуб подкастына берген сұхбатындағы ақпарат бойынша 20 жыл бұрын шыққан ән Дариға Назарбаеваға арналған көрінеді.
"Дариға жүректі" мәжбүрлеп айтқандай айтқанмын. Былай болды, 20 жыл алдын Серік Абас-шах "Хабар" арнасынан телефон соғып, "Медеу, жол жөнекей жолығып кету керек, мынаның ішінде бір ән бар, осыны тыңда да, қолға алу керек, орындау керек, осыған зер сал" деді. Тыңдасам, сөзі әп-әдемі сияқты, бағыты да жақсы, бірақ автордың орындаушылық мәнер, шеберлігіне мүлдем сөз жоқ. Жай акапельмен айтып берген. Сол кезде "Бұлай хит болады" деп біреу маған айтатын болса, біз енді өзіне күліп қарар ма едік?! Өзіміздің жүрегімізді салдық, сәл аяладық", – дейді ол.
Әншінің сөзінше, әнді кезінде кімге арнағанын білмеген.
"Кейін әнді жазып, уф, өткіздім. Кімге арналғанын аңғармадым. Қазағымыздың Дариға деген қыздары қайткенде де көп қой. Классикалық бағыттағы ән. Сөйтсек, солай екен. Саясат деген сонда жатыр екен. Жарайды, ұжым болып, сый-сияпат жасағаны шығар деп ойладым. Ел өзіме кімге арналғанын түсіндіріп жатыр. Бейнебаянды түсіруші ұжым Дариға Нұрсұлтанқызына арнау болып тұр. Ашылатын әңгіме. Мұны қашанға құпия сақтайсың?!", – деді Медеу Арынбаев.