Астана: Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті
Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті
Кеше Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға аталған комиссия төрағасы, қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, комиссия мүшелері, басқарма басшылары қатысты,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы astana-akshamy.kz сайтына сілтеме жасап.
Қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов биыл әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс аясында 11 жоба жүзеге асырылса, отбасы институтының маңызын ескере отырып, соның үшеуі отбасы мәселесіне арналғанын атап өтті.
– Бұл жобалардың қатарында татуластыру орталығын құру, медиация кабинетінің жұмысын жолға қою бар. Аталған кабинет осымен екінші жыл жұмыс істеп, биыл 10 айда 300 адамға көмек көрсетті. Оның ішінде 180 әйелге ішкі істер органдарымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі таңда 29 отбасы бойынша медиациялық келісім жасалып, тараптардың келісімімен татуласуға шешім шығарылды. 32 адам оңалту курсынан өтті. Сонымен қатар гендерлік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізудеміз, – деді басқарма басшысы.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сөз алған қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб бұл басқармада биылға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мақсатты топтардың қажеттіліктеріне қарай және халықтың сұранысын бағалауға бағыттала бекітілгенін жеткізді.
– 2023 жылға әлеуметтік жобалардың 5 саласы бойынша 28,8 млн теңге бөлінді. Бұл – есту қабілеті төмен адамдарды әлеуметтік қолдау, аутизм диагнозы бар балаларды оңалту, ерекше қажеттілігі бар жандарды оңалту техникаларына техникалық қызмет көрсету және жөндеу, абақтыдан шыққан адамдарды оңалту бойынша аз қамтылған адамдарға қызмет көрсету бағытындағы жобалар, – деді аталған басқарма басшысы.
Отырыс барысында сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендету, жасөспірімдер арасында қылмысты болдырмау, қаладағы білім беру ұйымдарындағы жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма өкілдері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асып жатқан 6 жоба туралы ақпарат берді.
– Қозғалып отырған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қазіргі қоғамның қасіретіне айналып отыр. Соңғы орын алған оқиғалар – соның айқын көрінісі. Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық-зомбылық көптеген отбасының күнделікті өмір сүру әдетіне айналып, отбасы құндылығының әлсіреуіне әкеліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өз Жолдауларында азаматтар мен қоғам тарапынан отбасындағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін жазаны күшейту қажеттігі туралы үндеулердің жиілеп кеткеніне баса назар аударып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың еліміздегі үлкен проблеманың біріне айналғанын атап айтты. Бұл ретте дағдарыс орталықтары тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы әлеуметтік қызметтер көрсете отырып, оңалту жұмысын жүргізуде, – деді «Үміт» дағдарыс орталығының директоры Ғалихан Қоқанбеков.