Ішкі Істер Министрлігі интимдік сипаттағы қызмет көрсететін притондарға қатысты ауқымды тексеру жұмыстарын жүргізіп, тексерістің алғашқы тәулігінде жезөкшелікпен айналысу үшін үй-жайлар берудің 70-тен астам фактісі анықтапты,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тексеріс барысында Түркістан облысында 18 жыл бойы хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде іздеуде жүрген әйел Атырау облысында табылды. Сұрау барысында ол 16 жасында ата-анасымен болған жанжалға байланысты 2005 жылы үйден кетіп, әртүрлі қалаларда тұрғаны анықталды. Содан бері ол жақындарымен араласпаған. Алматы және Шымкент қалаларында түрлі мекемелерде тазалаушы болып жұмыс істеген. Ал бірнеше күн бұрын Құлсары қаласына келген.
Аталған дерек бойынша Түркістан облысының полиция департаментіне дереу хабар беріп, азамат туыстарымен байланысқа шықты.Жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азамат қазіргі таңда полиция бақылауында. Оны туыстарына жіберу үшін тиісті шаралар қабылданып, құқықтық кеңес берілді.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері қылмыстық және әкімшілік полициямен бірлесіп рейдтік іс-шараларды жалғастыратын болмақ.