Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
2 желтоқсан, 2023 / Рысжан Амантай / Жаңалықтар

Ақмола облысында 130 млн теңгенің алтынын ұрлапты

Ақмола облысында алтын ұрлағандар ұсталды

Ақмола облысында 130 млн теңгенің алтынын ұрлапты
Фото: “Тау-Кен Алтын”

Ақмола облысында кеніштен 130 млн теңгенің алтынын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы полиция департаментіне сілтеме жасап.

"ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті мен Ақмола облыстық полиция департаментінің қызметкерлері облыс прокуратурасының үйлестіруімен Степногорск қаласының аумағында алтын өндіруші кәсіпорын қызметкерлерінен тұратын қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті", делінген полиция хабарламасында.

Қылмыстық топтың құрамында сол кәсіпорынның технологиялық учаскесінің шебері басқарған дайын өнім цехының қызметкерлері болған.

Арнайы іс-шаралар шеңберінде қызметтік мүмкіндіктерді пайдалана отырып, күдіктілер Ақсу кенішінен құрамында алтыны бар кенді ұрлау жүйесін көздегені анықталды. 

"Қылмыстық ниеттерін жүзеге асыру үшін қылмыскерлер бейнебақылау жүйесімен қамтылмаған аймақтарды пайдаланып, ұрланған затты жұмыс киімінің ішіне жасырып алып шығуға тырысқан. Ұсталғандардан құрамында 4,5 келі таза алтыны бар 7 келі концентрат алынды. Тәркіленген заттың құны 130 млн теңгеден асады. Қылмыстық топтың мүшелері тергеу изоляторына қамалды", делінген ведомство хабарламасында.

Қылмыстық іс аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық фактсі бойынша тергеліп жатыр.