Танымал театр және кино актері Асқар Наймантаев өмірден өтті, деп хабарлайды newsroom.kz порталы El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Актер ауыр дерттен көз жұмған.
Асқар Наймантаев 1965 жылы 17 маусымда Алматы облысы, Нарынқол ауылында дүниеге келген. Ол «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы көпшілікке танымал болған. Асқар Наймантаев «Терісқақпай», «Аққу-Гәкку» комедиялық театрларын ашқан.
Әкесі Әбдіғалым Наймантаев «Нарынқол халық театрында» режиссер, ал анасы Рафия Райжанова сол халық театрының актрисасы болып қызмет атқарған.
Алматы театр және көркемсурет институтын «Театр және кино актері» мамандығы бойынша оқып бітірген. Еңбек жолын М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрында бастады. Театр сахнасында Ж.Тәшенов, И.Саввинннің «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды» (Нұртаза), Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» (Сәбитжан), М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» (Қасым), Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» (Балташ) рольдерін сомдаған.
Ол эстрада өнерінің сахнасында «Ретро жұлдыздар шақырады», «Айтыңыз қабыл болсын», «Жаңа жылға - жаңа жұлдыздар», «Қазақша дискотека» сынды көптеген танымал жобалардың ұйымдастырушы-режиссері, сатира театрларының қойылымдарының, «Дайкпресс» баспасынан 2004 жылы мемлекеттік тапсырыспен шыққан сатиралық «Теріс кітап» жинағының авторы.
Асқар Наймантаев – «Сауап» медалінің», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері.
Еске сала кетсек, осыдан бір апта бұрын Асқар Найманбаев ауыр дертке шалдыққаны туралы Facebook парақшасында жазған болатын.