Алматыдағы блок-бекеттегі екі полицейлердің өлімі туралы тың деректер пайда болды
Алматыдағы блок-бекеттегі екі полицейлердің өлімі туралы тың деректер пайда болды
ашық дереккөзі
Адвокат Жангелді Сүлейменов Алматы іргесіндегі блокбекеттердің біріндегі жол апаты қасақана жасалған болуы мүмкін деп мәлімдеді, - деп хабарлайды NewsRoom+ақпарат агенттігі Astana.tv.kz-ке сілтеме жасап.
Осыған дейін жантүршігерлік жол көлік апатын жасаған адам құқық қорғау саласында қызмет еткені анықталған. Мұны жергілікті полиция растады. Тек жуырда ғана қызметіне немқұрайды қарағаны үшін жұмыстан босатылғанын айтқан. Алайда марқұмның жары бұл ақпаратпен келіспейтінін, күдіктінің құқық қорғау органдарында әлі де жұмыс атқаратынын хабарлаған.
"Менің ойымша, тергеу жұмыстарында бір шикілік бар. Қылмыстық кодекстің 99-бабында, қылмыс белгілі бір мақсатпен жасалуы мүмкін екені қарастырылған. Яғни күдікті ішімдік ішіп көлікке отырды, өзі соғылған патрульдік көлікте адамдар отырғанын білді деп ойлаймын. Демек, ол қылмысты әдейі жасауы мүмкін немесе істеп жүрген ісіне есеп бермеді", - дейді Жангелді Сүлейменов.
Департамент өкілдері, қазір қос отбасының қара жамылуына себеп болған жүргізуішінің қамауда екенін айтты. «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.
Еске сала кетсек, 25 мамыр Көксай ауылындағы блок-бекеттердің бірінде жантүршігерлік жол апаты болып, екі полицей қаза тапты. Қызметтік көлік ішінде болған 42 жастағы полицей Жарас Жанғазиев оқиға орнында ал, оның әріптесі Дастан Әбдіқанов ауруханада көз жұмған.
Мемлекет басшысы қаза болған екі полицейді де «Айбын» орденімен марапаттады.
Тағы айта кетерлігі, осы жантүршігерлік апатта тағы бір полицей жарақат алғаны белгілі болды. Ол сол сәтте бекеттен әрі-бері өткен көліктерді тексеріп тұрған. Оның қалай жараланғаны әзірге белгісіз. Қазір оның өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер тиісті шаралар жасауда. "Басынан ауыр жараланған полицейге ота жасалыпты. Науқастың жағдайы тұрақты ауыр" деп хабарлайды дәрігерлер.