Алматыда өрттен 13 адам қаза тапты
Алматыда хостелде өрт шықты
Алматыда 30 қараша күні таңертең Әди Шәріпов көшесінде орналасқан хостел өртенді. Тілсіз жаудың кесірінен 13 адам мерт болды, деп хабарлайды newsroom.kz қаланың төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Өрт туралы хабар таңғы сағат 05:33-те түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеті минутта жетіп, үш қабатты ғимараттың жертөлесіндегі өртті сөндіруге кіріскен. Хостел ғимараттың жертөлесі мен бірінші қабатында орналасқан.
Өрт сөндірушілер өрт орнынан қаза тапқан 13 адамның мәйітін тапты.
Қазір өрттен қаза болғандардың жеке басы анықталып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың барлығы иіс тиіп, көз жұмған. Өрт кезінде жатақханада 72 адам болған, оның 59-ы сыртқа өз бетімен шыққан.
Қала билігі өрттен зардап шеккендер уақытша мектепке орналастырылғанын айтты.
"Қазір 56 адам жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды. Ыстық тамақ берілді, қажетті медициналық және психологиялық көмек толық көлемде көрсетіледі. Бір сағат ішінде ауданның қонақ үйлеріне орналастырылады",- деді Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі