«Түркістан қаласында : Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы басталды
Форумның пленарлық сессиясына Еуразиядағы BBC Global News басшысы Сергей Становкин модераторлық етіп, бағдарламаны таныстырды.
Түркістан облысында алғаш рет бизнес және туризм өкілдерінің, халықаралық деңгейдегі сарапшылардың басын біріктірген TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы өтіп жатыр. Ауқымды жиынға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қытай, Ресей елінің беделді саясаткерлері, ықпалды кәсіпкерлер, сала көшбасшылары мен сарапшылары, инноваторлары қатысуда, деп хабарлайды newsroom.kz.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірді дамытудың маңызды аспектілері, стратегиялық маңызды салалары, оның ішінде туризм, инвестиция және экономика бағыттары туралы баяндама жасады.
– Бұл форум – біздің аймақтың болашағы мен толық өркендеуіне бағытталған идеялар, стратегиялар және жоспарлар алмасу үшін тамаша алаң. Туризм, инвестиция және экономика біздің аймақтың болашағын анықтайтын стратегиялық маңызды салалар болып саналады. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы ғана емес, экономиканың түрлі салаларында да жобаларды іске асыру үшін кең инвестициялық мүмкіндіктер ұсынады. Халық тығыз орналасқандықтан, аймақ үлкен кадрлық әлеуетке ие. Облыста 170 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі жұмыс істейді. Оның ішінде 70 мыңнан астам шаруа және фермер қожалығы бар. Өңіріміз арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарықтарға шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Қолайлы климаттық жағдайлар ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді. Өңірде «TURAN» көпфункционалды арнайы экономикалық аймағы мен индустриалды аймақтар инвесторларға қолдау көрсетуге дайын. Бүгінгі іс-шара облысымыздың экономикалық және инвестициялық дамуына жаңа серпін береді деп сенемін, – деген облыс әкімі қатысушыларға алғысын білдіріп, инвесторларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Соңғы бес жылда Түркістан өңіріне инвестициялар тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. 2018 жылдан бастап облысқа шамамен 6,3 млрд. АҚШ доллары көлемінде өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестициялар бағытталды.
Қаржыландырудың басым бөлігі – жеке инвесторлар есебінен жүзеге асуда. Мәселен, 2023 жылы 437,7 млрд. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба іске қосылып, 5951 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта өңірдің қоржынында 2023-2026 жылдарға арналған 7 млрд. АҚШ долл. көлемінде және 16 мың жаңа жұмыс орнының құрылуымен 194-ке жуық инвестициялық жоба бар.
TIF'23 – ол бизнесті дамытуды ынталандыруға, жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді ұсынуға, ынтымақтастықты кеңейтуге және түркітілдес мемлекеттерді жаңа әлемнің экономикалық және іскерлік орталықтарының біріне айналдыруға, сондай-ақ жаһандық корпорацияларды, ритейл саудагерлерді стратегиялық нарыққа біріктіруге бағытталған жетекші халықаралық іс-шара. Форумда бірнеше сала бойынша пленарлық сессиялар өткізіліп, маңызды келісімдер жасалады.
Айта кетейік, форумды Түркі Мемлекеттері Ұйымы, Түркістан облысы әкімдігі, «Атамекен» ҚР ҰКП, «Еуразиялық экономикалық ғалымдар клубы» қауымдастығы, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы, Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС, «Turkistan Invest» ЖШС ұйымдастырып отыр.
Форум алдында инвесторлар мен кәсіпкерлер Түркістан облысындағы өнеркәсіптік алаңдарды аралады. Ол жерде Түркістан облысында ашылған өндіріс орындары таныстырылып, инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтылады.