Жаңалықтар

Н.Тұрашбеков: «бекітілген мерзімге емес, мүмкіндіктеріңіз бен қабілеттеріңізге қарап жұмыс істеңіздер»

Бүгін қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті.

Жиналыста облыс, қала әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы, жеке қабылдауға жазылған тұрғындардың мәселелері, секторлардағы өткен кездесу нәтижесімен берілген тапсырмалардың орындалуы, қаладағы коммуналдық қызметтегі жұмыстарды жетілдіру жолдары, идеологиялық бағыттағы іс-шаралар жоспары, инвестицияның және индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы баяндалды, деп хабарлайды newsroom.kz.

 Ұйымдастыру-инспекторлық бөлім тарапынан жүргізілген зерделеу аясында анықталған кемшіліктер талқыланып, тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар берілді. Секторлардың өзекті мәселелері және оларды шешу бойынша ұсыныстар тыңдалды.

Облыс әкімінің берген 83 тапсырмасының 77-сі орындалса, 3 тапсырма орындалу үстінде, 3 тапсырманың атқарылуы тұрақты іске асырылады (орындалуы 91%).

 Қала әкімі тарапынан берілген хаттамалық 337 тапсырманың 314-і орындалды, 13 тапсырма орындалу үстінде, 9 тапсырма тұрақты жүзеге асады. 1 тапсырманың мерзімі өтуіне байланысты жауапты бөлімге ескерту берілді (орындалуы 95%).

 Жеке қабылдау нәтижесімен берілген 245 тапсырманың 233-і аяқталған, 3 тапсырма орындалу үстінде (орындалуы 95%).

9 тапсырманың мерзімінде орындалмау қаупі бар.

 Нұрбол Әбдісаттарұлы белгіленген жұмыстардың жоспарлы жүзеге асуы құпталатынын, алайда жедел аяқтауға мүмкіндік бар шаруалардың мерзімін күтудің қажеті жоқ екенін ескертті. «Уақыты бар деп жүріп кеш қалғандарыңызды байқамай қаласыздар. Сондықтан, бекітілген мерзімге емес, өз мүмкіндіктеріңіз бен қабілеттеріңізге сеніп жұмыс атқарыңыздар» деді шаһар басшысы өз сөзінде.

 Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан ұсынылған есепке сәйкес, қазіргі таңда облыс орталығында «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 6073 тұрақты жұмыс орындары ашылған. Жастар практикасымен 589 жас маман жолдама алып, жұмысын бастаған. Жастарға ұсынылған жеңілдетілген несие бойынша бүгінгі таңға 195 адамға құқықтық кеңес беріліп, Аграрлық несиелік корпорацияға 30 азаматтың құжаты жолданған.

 Барлық саланың жұмысын саралаған қала әкімі: «Сектор жұмысы әлі де тиісті деңгейге жеткен жоқ. Қаланы аумақтарға бөлудегі басты мақсатымыз – өзекті мәселелерді сіздер арқылы мерзімінде анықтап, тиісті жұмыстарды ұйымдастыру болатын. Алайда, сіздер анықтайтын кемшіліктерді біз сіздерден бұрын біліп отырмыз. Тұрғындармен байланысты нығайту қажет. Сондықтан, бірыңғай байланыс және жедел әрекет ету орталығына әр сектордың жұмысын бағалайтын көрсеткіштер белгілеп, рейтинг жасауды тапсырамын» дей келе, нақты тапсырмалар белгілеп, аппараттық мәжілісті қортындылады.