Қала әкімі тұрғындармен кездесу өткізді
Сауран секторында жыл ішінде қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков тұрғындармен 13 рет кездесу өткізді.
Нәтижесінде көтерілген 177 мәселе тіркелі, бүгінде оның 168-і орындалды, 5 мәселенің заңдылығы түсіндіріліп, 4 мәселе қаржы қажет етуіне байланысты 2024 жылдың жоспарына енгізілді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі бойынша 1-2 мөлтек аудандарында көше жарықшам бағаналары қойылып, жарық берілді.
“СМП-313”, Көктем көшесі және Б.Майлин көшесінің 3 тұйығына 3 жаңа трансформатор қойылып, Баянауыл елдімекені Ұлы Дала көшесінде электр бағаналары ауыстырылды.
ТГЖД аумағында, Тәуке хан көшесі бойында, Тыныштыкулов, 1-2 м/а, Кенесары көшелерінде және Мақтазауыт аумағында 70 көшеге ауыз су жүргізілді.
Жауын суы жиналатын жерлердің бірқатарына 17 дренаж орнатылды. Тұрғындардың сұранысымен 3 жерге жаңа ойын алаңшалары мен футбол алаңы салынды.
Жангельдин көшесінің құрылысы жүруде, нысан келесі жылға өтпелі.
12 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған жол төселді. №7 қоғамдық көлік бағыты Мақтазауыт аумағына дейін ұзартылып, арақашықтық уақыты реттелді. Сектор аумағында 6 жаңа аялдама орнатылды. Көпқабатты 12 тұрғын үй кондоминимум бойынша ағымдағы жөндеуден өтуде, жұмыстар аяқталуға таяды.
Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде асфальттанған көше саны – 45-ге жетті. 105 көшеге тас төселіп, жарықтандырылған көше саны 156-ні құрады. Аяқжол төселген көше - 130-ға, және жаңа аялдамалардың саны – 52-ге жетті.
156 көше ауыз су, газ және электр жүйесімен толық қамтылған. Кәріз жүйесі 1/2 мөлтек ауданында және 5 көшеде іске қосылды.
Тұрғындар атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, кезегін күткен мәселелер жайын сұрады. Сонымен қатар, көше камераларының жарамдылығын тескеру, олардың санын көбейту ұсынылды. Кей тұрғындар бүтінді бүлдіруге құмарлардың ешқандай ескертуге құлақ аспайтынына шағымданды.
- Азаматтық жауапкершілікке құрметім бөлек. Жанашырлық үшін рахмет сіздерге. Қазақ ежелден есерін де, тентегін де ел болып түзеген халық қой. Сіздер жастарға үлгі болудан, оларды тәрбиелеуден шаршамаңыздар. Ал, шектен шыққандарын заң тәрбиелейді, - деді Нұрбол Әбдісаттарұлы өз сөзінде.
Кездесу қорытындысымен хаттама түзіліп, тапсырма жоспары әзірленді.