Жалынды жастар - Түркістанда
Аймақтық ойынға Шәуілдір, Кентау, "Жеңіс" құрамаларымен бірге, Оқушылар сарайы, «IUTH» және Түлкібас құрамалары бақ сынасты.
Түркістан облысы құрылуының 5 жылдығына орай «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» аясында «Жалынды жастар - Түркістанда» атты жастар арасында КТК аймақтық ойын-жарысы шеңберінде Түркістанның төрінде көңілді, талантты жастар бас қосты, деп хабарлайды newsroom.kz.
Жастардың жан-жақты шығармашылық қабілеттерін дамыту, жауапкершілік пен еңбексүйгіштікті қалыптастыру, Ұйымдастырушылық және топпен жұмыс жасауға, бос уақытын тиімді пайдалануға үйрету мақсатында қолға алынған шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Қырықбаев Мекенхан Қозықанұлы арнайы қатысып, құттықтау сөз алды. КВН ойындары еркін форматта өтті. Командалар қазіргі өзекті мәселелерді астарлы әзіл, қағытпа қалжыңмен жеткізді. Әсіресе, аудандардан келген жастар өз өңіріндегі жауыр болған проблемаларды тілге тиек етті. Нәтижесінде барлық құрамының бұл ойынға тыңғылықты дайындалғанын көруге болады. Басты мақсаттары – көрермендердің езуіне күлкі сыйлау әрі жастарға көрсетілетін мүмкіндіктер мен қолдаудың артқанын қалайды.
Тамаша ойын отырғандардың көңілінен шыққандай. Бұны жүздеріндегі бал-бұл жанған күлкіден-ақ байқадық. Көрермен болып, өрнекті ойын үлгісін көрген Түркістан қалалық мәслихатының депутаттары Ғалымжан Құдияров пен Ардақ Мансуров осы жарысты ұйымдастырған Түркістан қалалық мәдениет үйі ұжымына ерекше алғыс өз сөздерін де білдірді.
Халықты күлкіге қарқ етіп, күлкінің дәруменін сыйлаған жас өнерпаздар өнерін таразылау қазылар алқасына жүктелді. Олардың құрамында Амантуров Шәкен Абсаматұлы – Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан облысының сазды-драма театрының және Республикалық «Алдараспан»әзіл-сықақ театрының актері, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Бейбітов Есқара Құрманғазыұлы –Актер, блогер, «Жайдарман» ойындарының жүлдегері, Юсупов Азизхан Батыржанұлы –Блогер, Бақыт Жандос Бақытұлы –Ауыл вайнері, блогер, Бақдәулет Берікұлы Түркістан және Кентау қалаларының Блогері болды.
Сонымен жарыс төмендегіше қорытындыланып, жеңімпаз командаларға қаржылай сияпат пен дипломдар тапсырылды. "Жалынды жастар - Түркістанда" атты қала әкімінің арнайы жүлдесімен Кентау құрамасы алға шықса, "Ең үздік стиль" номинациясы "Шәмші" құрамасына берілді. Ал, ең үздік талпыныс номинациясын "Жеңіс" құрамасы еншіледі. Жүлделі ІІІ орынды "Түлкібас" құрамасы алса, ІІ орынның биігінен "Оқушылар сарайы" құрамасы көрінді. І орынға "IUTH" құрамасы лайық деп танылды. Қазылар алқасының да еңбегі еленіп, сый-құрметке бөленді. Қала әкімінің арнайы жүлдесін қала әкімінің орынбасары мен Түркістан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт бөлімінің басшысы Марат Әсілбаев тапсырып, жастарға жігерлі тілегін білдірді.