Қызылшаға қарсы Қытайдың белгісіз вакцинасы салынып жатыр ма?
Желіде видео тарады
Әлеуметтік желілерде балаларға қызылшаға қарсы Қытайдың белгісіз вакцинасы мәжбүрлеп салынып жатқаны жөнінде ақпарат тарады. Автордың пайымдауынша, бұл коронавирус кезіндегі вакцинациядан қалған екпе болуы мүмкін, деп хабарлайды newsroom.kz.
Stopfake басылымы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарғанын жазды.
"Елде қызылшаға қарсы вакцинация жүргізу үшін "Serum Institute of India" шығарған қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Бұл вакцинаның өндірісі ДДҰ-ның қайта бағалауынан өткен, өндірілетін вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беріледі".ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі
Министрлік Қазақстанда қызылша өршіп тұрғанын еске салып, ата-аналарды екпені уақтылы салдыруға шақырды.
"Елдегі қызылша бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, балаларда қызылшаға қарсы екпелердің болуына назар аударуларыңызды сұраймыз. Екпені тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгініп, алуға болады", делінген басылымда жарияланған хабарламада.