Ғалым, филолог Мырзатай Жолдасбеков «AIQYN» ютуб арнасына берген сұхбатында Назарбаевтан көп қиянат көргенін, тұңғыш Президент оны қызметте пайдаланып, жұмсағанын айтты,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
"Назарбаев мені қызметте қолпаштай жүріп, жұмсап, қызметте пайдаланып жүріп, көрсеткен қиянаты аз болған жоқ...",- деді берген сұхбатында.
Ал, белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев өзінің ұстазы Мырзатай Жолдасбеков Назарбаевты 30 жыл бойы мақтап келіп, неліктен қазір бұлай дегенін түсінбейтінін Аман Тасығанға берген сұхбатында айтты.
"Ол кісі біздің ұстазымыз,оның қандай мағынада бұлай айтқанын білмеймін. Назарбаевтың оған шапағаты тигені рас. Бірақ, Мырзатай ағаның елбасыға тигізген пайдасы көп болды. 200-ден астам мемлекетпен біз дипломатиялық жақсы қарым-қатынастамыз. Осыған белгілі бір дәрежеде Мырзекеңнің тигізген үлесі көп болды. Ол кісі ең алғаш дипломатиялық академияны ашып, соның ректоры болды. Көптеген елші, дипломаттарымызды дайындады. Кезінде Мырзекеңнің елбасыға көмегі көп тиді деп есептеймін.
Өйткені, сол кезде Астана жаңа салынып жатты ғой. Баратын жер де жоқ. Көп елдің президенттері келді. Барлығы Еуразия университетіне соқпай кетпейтін. Неге? Өйткені ол жерде сенімді Мырзекең қазақы дәстүрмен жақсылап күтіп алатын. Университет жарқырап тұр, Күлтегіннің тасы тұр. Қазақ-түркі жазуының музейін құрды. Қазақы киіз үйлерді тікті. Жылда наурызды бізде жасайтын. Президент бізге келетін.
Мырзекең ол кезде Президентті мақтай беретін. Неге мақтай береді деп ойлайтынбыз? Ол кісі Астана тек шенеуніктердің қаласы болмауы керек деді. Бұл жерде тек Парламент, Үкімет, Президент отырмауы керек. Бұл жерге жастар келуі керек. Бұл ғылымның, жастардың қаласы болуы керек деді. Алматыдан, ҚазҰУ-ден, Агудан, Қарағанды университетінен, Шығыс Қазақстаннан, барлық жердегі мықты тұлғалардың көбісін алдырды. Филология, журналистика салаларынан мықтыларды жинап Астанаға алдырды. Астанадағы Еуразия университетін әлемдік бәсекеге қабілетті университет етті. Осы істері арқылы да Назарбаевтың шапағатын көрген шығар. Алдында жүрді, шапағаты тиді, батасын берді. Қиянат жасап кетті дегеніне енді таңғалдым. Бір жамандық - барлық жақсылығын құртатын да кездер болады дейді ғой. 30 жыл бойы мақтап келіп, қиянат жасады дегені таңғалдырды",- деді Имашев.