Жаңалықтар

Қазығұртта зорлық-зомбылыққа қарсы шара өтті

Түркістан облысы мектептерінде зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында кездесу өтті

Бұл туралы newsroomе.kz сайты Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Түркістан облысы Қазығұрт аудандық полиция бөлімі әйелдерді зорлық- зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Құндыз Умиралиева аудан тұрғындарымен және мектеп оқушылармен кездесу өткізіп, қоғамда зорлық-зомбылыққа ұшыраудың алдын алу, оны болдырмау бағытында пікір алмасты.

Ол өз сөзінде: Бүгінгі таңда отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында облыстық Полиция департаменті тарапынан тиісті профилактикалық жұмыстар жасалып жатқандығын жеткізді.

Сонымен қатар ол құқық қорғау саласы зорлық – зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларды қорғайтынын, олар үшін арнайы ұйымдар бар екендігін де ескертіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, кеңестерімен бөлісті. Осы орайда балаларға қамқорлық жасау, баланың абыройы мен құқықтарын құрметтеу -бұл тек мемлекеттің ғана емес,сонымен қатар жекелеген әрбір адамның міндеті екенін естен шығармауымыз қажет. Бейбіт ел, ынтымағы жарасқан халық, үлгілі отбасын құру бәрі де адамның өз қолында.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тартуды және оның қайталануының алдын алу шараларын қолдануды жақтады.

Олар жеке қылмыс ретінде Қылмыстық кодекске «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» деген жеке бап енгізуді ұсынды. Бұл мұндай істерге оңтайлы жауап беруге мүмкіндік береді және полиция, прокуратура және соттар үшін арнайы оқытуды көздейді.
Сонымен қатар, "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы" заңға ұсынылып отырған түзетулер "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға қоғамның қатысуы" деген жаңа бапты құруды қамтиды. Бұл бапта тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қоғамның белсенді қатысуын ынталандыруға бағытталған түрлі шаралар қарастырылған.
Ұсынылып отырған тағы бір өзгеріс – заңнамаға "экономикалық зорлық-зомбылыққа" қатысты норманы енгізу. Бұл ереже тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге жүйелі қолдау жасауға, зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетудің құқықтық тетіктерін ұсынуға бағытталған.

Сондай-ақ, Ұлттық комиссия Бас прокуратураның бастамасымен жүзеге асырылған 2018 жылғы "Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" сәтті жол картасын қайталауды ұсынды. Бұған дейін Түркістан облысының екі ауданында пилоттық режимде жүзеге асырылған жобаны республика бойынша кеңейту ұсынылады.
Сонымен қатар, Ұлттық комиссия ықтимал құрбандарға туыстары мен жақындарына өмірлеріне қауіп төніп тұрғаны туралы ескертуге мүмкіндік беретін мобильді қосымша әзірлеуді ұсынды.

Қазіргі таңда көп жағдайда халқымыз қанына сіңген қасиет­пен отбасылық жанжалдарды сыртқа шығармауды қалайды. Қазақ әйелі ерінің абыройын, үйелменнің береке-бірлігін ойлап, балаларының толық отбасында өскенін қалағандықтан, шаңырақ құндылығынан асып кете алмай «жауырды жаба тоқып», өктемдікті жасырып-жабуға бейім келеді. Бірақ осындай «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» салдарынан іс ушығып, кей жағдайда соңы адам өлімімен аяқталуы өкінішті.

Тұрмыстық қияпат әртүрлі сипатта болуы мүмкін. Ол физикалык күш көрсетумен қатар, сөзбен кемсіту, психологиялық қысым, тіпті сексуалдық тұрғыдан зорлық-зомбылық көрсету түрінде де болады.

Сондықтан осы сипаттаға кез келген әрекетке дер кезінде тосқауыл қоя білген жөн. Осы орайда айта кетсек, елімізде тұрмыстық күш көрсетуді болдырмау мақсатында әлсіз азаматты немесе әйел адамның құқығын өз дәрежесінде қорғау үшін ең алдымен заңнамалық тұрғыдан «қаруланып» алған абзал. Яғни, қазіргі заңдар заман сұранысына сай болуы тиіс. Осы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мемлекетімізде «Тұрмыс­тық зорлық-зомбылық профилактикасы» туралы заңы қабылданған. Қазіргі таңда аталмыш заң азаматтарымыздың қорғанына айналып отыр. Ең бастысы, зорлық құрбаны өзінің шынайы жағдайын жасырып қалмауы қажет.

«Әрбір отбасы – кішігірім шаңырақ» екенін ескере отырып, осы шағын шаңырақтардан құралатын Қазақстан атты үлкен мемлекетіміздің болашағы кемел болсын десек, отбасы құндылығы мен ерлі-зайыптылардың жеке-жеке құқықтары сақталынып, ба­ла­лардың тәтті де бақытты ғұмыр кешуіне атсалысуымыз керек!