Шардарада діни экстремизмге қарсы кездесу өтті
«Діни экстремизм мен терроризм идеологиясынан балаларды қорғау және алдын алу» - тақырыбында шара өтті
Бұл туралы newsroom.kz порталы saq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысы, Шардара аудандық білім бөліміне қарасты «Шардара» мектеп-лицейінде діни экстремизмнің психологиялық аспектілері мен киберпсихология, теріс пиғылды діни ағымдар бойынша діни терроризм мен экстремизмнің алдын алу, деструктивті діни ағымдардан сақтанудың жолдарын жастар санасына ұғындыру мақсатында «Діни экстремизм мен терроризм идеологиясынан балаларды қорғау және алдын алу» - тақырыбында 10-11 сынып оқушыларымен кең көлемде кездесу өтті.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары, аудандық ақпараттық - түсіндіру тобының жетекшісі Б.Шомпиев, Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Д.Аманов, аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А.Данияров, Жаушықұм ауыл округі "Қонар ата" мешітінің имамы Е.Сариев және мектеп директоры Ж.Сапаров және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Жалпы кездесуде діни экстремизм мен терроризм қаупі туралы хабардар болу, дін саласындағы мәселелерді неғұрлым терең түсіну, экстремистік нарративтерге қарсы тұру, сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу тәсілдерін яғни, жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу мәселесі ең алдымен әр отбасының, қоғамның және мемлекеттің жауапкершілігі шеңберінде қарастырылатынын айтып, бейнероликтер көрсетіліп, баяндамалар оқып, ақпараттық материалдар таратылып, оқушылардың пікірлерімен бөлісіп, қойған сұрақтарына жауап берді. Кездесу соңында оқушыларымыз келген қонақтарға алғыстарын айтып, жақсы көңіл – күймен қайтты.
Айта кетейік, бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі - деструктивті идеологиялардың таралуы. Деструктивті діни ағымдар азаматтарымыздың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізетін ағымдар. Олардың ортақ сипаты – діни ілімінің ақиқаттылық деңгейінен емес, оған мүше адамдардың қоршаған әлеуметтік ортадан оқшаулануы мен жетекшілік еткен азаматтарға көзсіз бағынуы. Мұндай ұйымдар тұлғаның рухани, психикалық және физикалык жағдайына қауіпті. Көбіне олар мемлекеттік стандарттар мен нормаларға, дәстүрлі дінге қарсы, мойындамайды. Сонысымен де қоғам үшін қауіпті және деструктивгі ағымдарда жасырын психологиялық зорлық қолданылады.
Діни экстремизм ислам құндылықтарын сақтау жолында үндеу тастаған өздерінің пікірлестерін діни принциптерді бұзушылар деген айыптаулармен кінәлайды. Діни-саяси экстремизм болса, әртүрлі діни пікірлерге негізделгеніне қарамай, олардың іс-әрекеттері Қылмыстық істер кодексінің баптарына сәйкес келеді. Яғни, діни-саяси экстремизм - діттеген саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін, дінді қалқан ете отырып әрекет етуші, дінге ешқандай қатысы жоқ іс-қимыл. Басқаша атағанда - терроризм (лаңкестік). Мұндай әрекеттер көбіне мемлекеттің құрамын күшпен өзгертуге немесе үкіметті басып алуға бағытталады. Қауіпті жағдайға айналған осындай әрекеттерді іске асыру, көбіне қарулы топтар құрып, өзара өшіктіру әдістерін қолдану арқылы дін және ұлттық қайшылықтарды қоздырумен, сондай-ақ адам құқын жаппай бұзумен қатар жүреді.
Мұндай шектен шыққан экстремизм әртүрлі мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп қана қоймай, дінаралық жағдайдың ушығуына да себепкер болуда. Экстремистер қай діннің атынан белсенділік танытса, бәрінен де көп зиян шегетін сол дін. Саяси экстремизм тек саяси мүддені ғана көздейді. Олар адамдардың дінге деген құрметі мен сенімін өз мақсаттарына кеңінен пайдалана отырып, дін үшін әрекет етіп жүргендей көрінуге тырысады.
Діни-саяси экстремизм әдетте ешқандай ымыраны мойындамай, ортақ келісімнен бас тартады, ешкімді жақтырмайды, тіпті оларды қолдап жүрген дін өкілдерінің пікірі болса да ешқандай саяси пікірлермен санаспайды. Діни экстремизм үшін «Харам мен халал» (арам мен адал), «өзіңе қалағаныңды басқаға да қала» деген қағидалар болмайды.
Қазіргі уақытта елімізде діни ахуал тұрақты. Дін мәселесін зерттеумен айналысатын мамандардан құрылған ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы да өз нәтижесін беріп, жат ағымдардың жолына тосқауыл бола алды деуге болады. Жат діни ағымдардың қызметінен зардап шегушілермен адрестік жұмыстар, оларды қалыпты ортаға қайта оңалту жұмыстары да жүргізіліп келеді. Діндер тарихына үңілетін болсақ сан жылдар бойы дін атын жамылған талай жымысқы жат ағымдар пайда болып, кейін қайтадан жойылып кетіп отырған. Деструктивті діни ағымдардың бірі құрыса оның орынына жаңасы пайда бола қалып, ғаламтор арқылы жылдам таралуы да таң қалатын үрдіс емес. Сондықтан да біз өз мүмкіндігіміз бен қабілетімізді, ықпалымызды пайдаланып, өскелең ұрпақты жат ағымдардың идеологиясынан сақтап қалуымыз керек. Ол үшін мемлекет болып, қоғам болып жұмыла күресуіміз тиіс. Жастардың бойына патриоттық сезім, қоғамдағы зайырлылық қағидаттарының нығаюуына, дәстүрлі құндылықтарымыздың берік сақталуын баса көңіл аударуымыз маңызды.