Жаңалықтар

Азиялық сарапшылар Түркістанда 3 жыл зерттеу жұмыстарын жүргізіпіті

Азияның сарапшылары зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша пікір алысты

Бұл туралы newsroom.kz порталы khabar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Отбасындағы озбырларды тек заң талаптарын күшейту арқылы жөнге салу мүмкін емес. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен Орталық Азия мен Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаушылармен жұмыс бойынша өткен өңірлік семинарда айтылды. Орталық Азияның 5 елінен келген сарапшылар гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету, әсіресе отбасылардағы әлімжеттіктің алдын алу және құқықбұзушылармен жұмыс істеу бойынша пікір алысты. «Семинар нәтижесінде қатысушылар өңірлік платформа құрып, тиімді іс-қимыл жоспарын айқындайды. Арнайы коррекциялық бағдарламалар ғана нәтиже береді»,— дейді сарапшылар. Мәселен, Түркістан облысының екі ауылында үш жыл бойы жүргізілген жұмыс нәтижесінде екі ауылда да отбасында күш көрсету жағдайлары тіркелмеген. «Қоғам болып отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақтың санасына сіңіргенде ғана зорлық-зомбылықтың алдын аламыз»,— дейді қатысушылар.

Сағадат Сәбитова, БҰҰ Халық қоныстану қорының гендерлік мәселелер бойынша ұлттық кеңесшісі:
-Зорлық-зомбылықты жою үшін біз қанша заңды қатайтсақ та, заңның қатайғаны зорлық-зомбылықты жоймайды. Оның бәрін біз апарып түрмеге тоғытып тастасақ, сонда әрбір 3-ші, 5-ші әйел отбасында зорлық- зомбылық көреді десек, әрбір 3-ші, 5-ші әкені біз апарып жауып тастадық. Сонда біздің отбасымыз не болады? Ең бірінші мұның алдын алу мақсаты бірінші қоғамда төзушілік болмау керек. Біздің әлеуметтік жауапкершілігіміз болу керек.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тартуды және оның қайталануының алдын алу шараларын қолдануды жақтады.

Олар жеке қылмыс ретінде Қылмыстық кодекске «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» деген жеке бап енгізуді ұсынды. Бұл мұндай істерге оңтайлы жауап беруге мүмкіндік береді және полиция, прокуратура және соттар үшін арнайы оқытуды көздейді.
Сонымен қатар, "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы" заңға ұсынылып отырған түзетулер "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға қоғамның қатысуы" деген жаңа бапты құруды қамтиды. Бұл бапта тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қоғамның белсенді қатысуын ынталандыруға бағытталған түрлі шаралар қарастырылған.
Ұсынылып отырған тағы бір өзгеріс – заңнамаға "экономикалық зорлық-зомбылыққа" қатысты норманы енгізу. Бұл ереже тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге жүйелі қолдау жасауға, зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетудің құқықтық тетіктерін ұсынуға бағытталған.

Сондай-ақ, Ұлттық комиссия Бас прокуратураның бастамасымен жүзеге асырылған 2018 жылғы "Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" сәтті жол картасын қайталауды ұсынды. Бұған дейін Түркістан облысының екі ауданында пилоттық режимде жүзеге асырылған жобаны республика бойынша кеңейту ұсынылады.
Сонымен қатар, Ұлттық комиссия ықтимал құрбандарға туыстары мен жақындарына өмірлеріне қауіп төніп тұрғаны туралы ескертуге мүмкіндік беретін мобильді қосымша әзірлеуді ұсынды.

Қазіргі таңда көп жағдайда халқымыз қанына сіңген қасиет­пен отбасылық жанжалдарды сыртқа шығармауды қалайды. Қазақ әйелі ерінің абыройын, үйелменнің береке-бірлігін ойлап, балаларының толық отбасында өскенін қалағандықтан, шаңырақ құндылығынан асып кете алмай «жауырды жаба тоқып», өктемдікті жасырып-жабуға бейім келеді. Бірақ осындай «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» салдарынан іс ушығып, кей жағдайда соңы адам өлімімен аяқталуы өкінішті.

Тұрмыстық қияпат әртүрлі сипатта болуы мүмкін. Ол физикалык күш көрсетумен қатар, сөзбен кемсіту, психологиялық қысым, тіпті сексуалдық тұрғыдан зорлық-зомбылық көрсету түрінде де болады.

Сондықтан осы сипаттаға кез келген әрекетке дер кезінде тосқауыл қоя білген жөн.

Осы орайда айта кетсек, елімізде тұрмыстық күш көрсетуді болдырмау мақсатында әлсіз азаматты немесе әйел адамның құқығын өз дәрежесінде қорғау үшін ең алдымен заңнамалық тұрғыдан «қаруланып» алған абзал. Яғни, қазіргі заңдар заман сұранысына сай болуы тиіс. Осы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мемлекетімізде «Тұрмыс­тық зорлық-зомбылық профилактикасы» туралы заңы қабылданған. Қазіргі таңда аталмыш заң азаматтарымыздың қорғанына айналып отыр. Ең бастысы, зорлық құрбаны өзінің шынайы жағдайын жасырып қалмауы қажет.

«Әрбір отбасы – кішігірім шаңырақ» екенін ескере отырып, осы шағын шаңырақтардан құралатын Қазақстан атты үлкен мемлекетіміздің болашағы кемел болсын десек, отбасы құндылығы мен ерлі-зайыптылардың жеке-жеке құқықтары сақталынып, ба­ла­лардың тәтті де бақытты ғұмыр кешуіне атсалысуымыз керек!