Түркістан облысында 6 жасар қызды зорлаған педофил 20 жылға сотталды
2017 жылғы қызға зорлық-зомбылық көрсетті
Түркістан облысында 6 жасар қызды зорлаған педофил 20 жылға сотталды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы kazinform.kz-ге сілтеме жасап.
Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР ҚК 121-бабы 4-бөлігімен айыпталған сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Оқиға биылғы мамыр айында Арыс қаласында болған. Сотталушы көп қабатты тұрғын үйдің ауласында ойнап жүрген жасөспірімді ішке алып кірген. Подъездегі екінші қабаттан үшінші қабатқа көтерілетін баспалдақта 2017 жылы туған қызға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекетін жасаған.
Сот үкімімен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігімін кінәлі деп танылды. Оған педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
«Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болады. Үкім заңды күшіне енген жоқ» - делінген Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған алғашқы Жолдауында сот төрелігінде гуманизацияға бой алдырып, қатал жазалау шараларынан алшақтап кеткенімізді сынға алып, заңнаманы ізгілендіру азаматтардың негізгі құқықтарын ұмытуға негіз болмауы тиістігін, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тасымалдау, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны күшейту қажеттігін Үкіметке тапсырған болатын.
Бауыр етімізге балайтын баланың бал дәуренін бұзып, өміріне ұмытылмас жара салатын қарау ниетті жандарға қоғам әу бастан қарсы. Еліміздің әр өңірінде қайталанып жататын осы бір айтуға ауыз бармайтын азғындық оқиғалардың үдеуіне үнсіз қала алмау – азаматтық белсенділіктің артуының көрінісі болса керек.
"Педофилия" балаларға жыныстық қызығушылықты білдіреді. Алайда, бізде бұл терминді көбіне тек балаларға ғана емес, жалпы кәмелетке толмаған балаларға жыныстық әрекеттер жасаған адамдарға да қолданады. Педофилия - бұл 12-14 жасқа дейінгі балаларға жыныстық қызығушылық. Бұл құбылысты зерттей келе, педофилия ауру деп қорытынды жасауға болады. Алайда бұл аурудың нақты неден туындайтыны толықтай зерттелмеген. Кей жағдайда ол генетика арқылы берілуі мүмкін, кей жағдайда жүре келе пайда болады, бірақ көп жағдайда педофилдердің өздері балалық шақтарында зорлық-зомбылық көрген, сондықтан да дәл сондай әрекетке өздері де барып жатады. Негізінен педофилия 18 жасқа толғанда өзінен кіші балаларға құмартушылықтың артуымен пайда болуы мүмкін. Тіпті егде жасқа жеткенде де осындай ауытқулар байқалады. Педофилдердің көпшілігі ер адамдар, арасында әйелдер де болуы мүмкін. Олардың назарын ұлдар да, қыздар да аудара алады. Педофилдер бір жыныстағы балаларға қарағанда қарама-қарсы жыныстағы балаларға құмар болады. Көп жағдайларда жәбірленуші балалар педофилмен таныс болып шығады, ол отбасының мүшесі, өгей әкесі немесе танысы, туысы бола алады.
Дәрігердің айтуынша, педофилия әр елде әрқалай қарастырылуы мүмкін. Мәселен, Ежелгі Грекияда кішкентай ұлдарға деген қызығушылық қалыпты жағдай болып саналған, осылайша беделді адамдар өз қарауына кішкентай ер балаларды алатын болған. Ал, Таяу Шығыста 9-10 жасар қыздар ұзатылып жатқан, алайда ол жақтың дәстүріне сәйкес бұндай некелер қалыпты болып саналған және педофилия ретінде қарастырылмаған.
Педофилді қалай анықтауға болады?
Педофилдің нақты бір белгілері жоқ. Ол көрші, таныс, туыс, сирек жағдайларда бейтаныс адам болуы мүмкін... Олар қарапайым адамдарға ұқсайды және сіздің ортаңызда бола алады. Мінезі көбінесе тұйықтау келуі мүмкін, өздерінің қызығушылықтарын, ойларын барынша жасыруға тырысады. Мұндай адамдардың ішінде үлкен арпалыс болады, өйткені олар өз ойлары мен қалауларына қарсы шыға алмай, осы іске барайын ба, жоқ па деген ой мазалайды. Алайда тек қиялдары бар адамдар мен оны іске жүзеге асыратындардың айырмашылығы, әлбетте жер мен көктей, дегенмен қиялдан іске өтіп кету шегі кішкентай ғана. Сондай-ақ педофилдің балалармен қарым-қатынаста өте қамқор екенін, баламен физикалық байланыста болуға тырысатынын атап өткен жөн. Ол балаларды еркелету, үнемі мақтау арқылы, сенімге кіріп алады. Көбісі ғаламторда отыруы мүмкін, өйткені ешкім байқамайтын жерде баламен тілдесіп, оны құрбанына айналдыру оңай.
Ата-ана үшін басты мақсат педофилді анықтау емес, баласына бас-көз болу бірінші кезекте болуы керек. Өйткені, егер ата-ана өзінің баласымен тығыз қарым-қатынаста болса, бала өзінің ата-анасына толықтай сенім білдірсе, қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады. Егер де балаға жүйелі түрде назар аудармай, оның не істеп, не қойғанын, қандай адаммен сөйлесіп жүргенінен бейхабар болсаңыз, соңы жақсылыққа апармайды. Балалар өзіне сенімсіз болғандықтан, бейтаныс адамға "жоқ" деп айта алмай, оның жетегінде кетіп жатады. Кей жағдайларда педофилдер баланы қорқыту арқылы жылдар бойы қорлауы да мүмкін. Сондықтан, баланы тыңдай білу керек, өйткені бала ата-анам жазалайды деген оймен бәрін жасырын ұстауы мүмкін.