Жаңалықтар

Түркістан: Келесте Республика күні және ауданның 5 жылдығы кең көлемде аталып өтті

Түркістан облысы, Келес ауданында Республика күніне және ауданның қайта құрылғанына 5 жыл толуына орай бірқатар шара ұйымдастырылды.

Алдымен аудан орталығы Абай ауылында биіктігі 12 метрлік Ту тұғыр орнатылды. Мемлекеттік Әнұран шырқалып, Көк байрағымыз көтерілді. Республика күні өткен салтанатты жиынға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, жиналған қауымды Республика күінмен құттықтады, деп хабарлайды newsroom.kz.

Мерекелік шара өнер жұлдыздары қатысқан аудан әкімі жастарымен еркін форматта өткізген кездесуімен жалғасты. Әшірәлі Кенжеев атындағы мәдениет үйінде өткен кездесуге ауданның тумасы, актриса Ұлбосын Шалқарова, өзбекстандық эстрада жұлдызы Алишер Байниязов және Жайдарман ойындары арқылы көпшілікке танылған Жандос Зиябеков пен Бақдаулет Жаманқұлов қатысты. Басқосуға аудан аумағындағы ауыл, ауылдық округтерден білім, мәдениет саласының жастары, жас кәсіпкерлер, ерікті жастар мен мүгедектігі бар жастар келді. Кездесу кешінің тізгінін аудандық Жастар Ресурстық орталығының директоры Айбек Ташкенбай ұстады. Аудан басшысы жастардың қойған сауалдарына жауап беріп, өмірлік өнегесі, қызметтік тәжірибесімен бөліссе, өнер жұлдыздары да өздері туралы кеңінен баяндап, түрлі қызықты сәттерімен баяндады Кездесуде жастар ұтымды ұсыныстары мен сан түрлі бағытта сауал жолдап, нақты жауаптар алды. Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен кездесу соңы жастардың аудан басшысы және өнер жұлдыздарымен естелік фотоға түсіп, түрлі салада жемісті еңбектеніп жүрген жас өрендерді марапаттауға ұласты.

Әрі қарай ауылшаруашылығы және қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге аудан шаруалары жыл оны екі ай бейнетпен жетілдірген көкөніс түрлері, басқа өңірлерде өсе бермейтін жергілікті өнімдер туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің қолдан жасаған әшекей бұйымдарын паш етілді. Келес ауданында ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 70,4 млрд.теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,3 % құрады. Оның ішінде, мал шаруашылығы 24,7 млрд. теңге, өсімдік шаруашылығы – 45,6 млрд.теңгені құрады.

Абай ауылындағы Асан қайғы көшесі бойындағы аллеяға ағаш көшеттері егілді. Аталған шараға аудан басшысы, аудандық мәслихаттың төрағасы, «Аманат» партиясының Келес аудандық филиалының төрағасы, мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері мен жастар және өнер жұлдыздары, БАҚ өкілдері қатысты. Шара барысында 300 дана ағаш көшеттері қондырылды. Айта кетейік, Келес ауданында күзгі ағаш көшеттерін отырғызу науқаны қарқынды жүруде. Жалпы бүгінге дейін 1000-ға тарта көшет түрлі аумақтарға отырғызылды.

Ұлттық мерекеде ту ұстаған келестік велошабондаздар Асан қайғы көшесінен бастап, Абай ауылының орталық көшелерімен жүріп өтті. Аталмыш шеруге өңірдің 25-ке тарта белсенді жастары, аудан тұрғындары қатысып, шараны еріктілер де қолдады. Аудан әкімінің қатысуымен өтетін дәл осы секілді велошеру Республика күнінен бөлек, Рәміздер мерекесі, Тәуелсіздік мейрамдарында да дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырады. Жарты сағатқа созылған велошеру өңірдің басты мерекелік шарасы өтетеін орталық спорт алаңында өз мәресіне жетті.

Келес ауданының орталық стадионына 6 мыңнан аса тұрғын жиналды. Себебі мұнда Республика күніне және Келес ауданының қайта құрылғанына 5 жыл толуына орай гала концерт ұйымдастырылды. Салтанатты шарада Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан тұрғындары мен қонақтарын қос мерекемен құттықтады. Мерекелік шара жоғары деңгейде өтіп, тұрғындардың көңілі сергіді. Өнер жұлдыздарымен бірге ән шырқап, би биледі. Шара соңы мерекелік от шашумен аяқталды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі