БАҚ-тың болашағы қандай? Түркістанда медиакраттар форумы өтті
Түркістанда «Масс-медиа туралы» Заң және журналистиканың бүгіні мен ертеңі талқыланған медиакраттар форумы өтті.
«Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жиынға Парламент депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, танымал медиатұлғалар, бірқатар өңірдегі медиахолдинг басшылары мен еліміздегі жетекші БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды newsroom.kz.
Онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылған іс-шарада заң жобасын қабылдарда аймақтық журналистика өкілдерінің талап-тілектері ескерілуге тиіс екені айтылды. Форумда баяндама жасаған «Aulieata media» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт аймақтарында құрылған медиахолдингтерде бірізділіктің жоқ екенін атап өтті.
– Бір өңірлерде медиахолдингтер облыстық ішкі саясат басқармасына бағынса, енді бір өңірлерде қаржы басқармаларына, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларына бағынады. Құрылтайшылары – осы мекемелер. Бір өңірлерде медиахолдинг құрамына аудандық, қалалық газеттер енгізілсе, енді бір өңірлерде аудандық, қалалық газеттер жекешеленіп кеткендіктен, тек облыстық газеттердің ғана басын құрап, холдинг болып отыр. Аймақтық газеттердің тағдыры сол өңір әкімдерінің жеке көзқарасына, жеке шешіміне қарай осындай күйге түскен сияқты. Яғни еліміздің БАҚ саласында белгілі бір тәртіп, ереже болмай тұр. Заң, тәртіп бәріне ортақ десек те, бір облыста газеттердің барлығы бірдей қандай заңға сүйеніп жекешеленіп кеткені, ал екінші бір облыста бүтіндей неге жекешеленбей қалғаны біз үшін әзірге түсініксіз, – деген Оралхан Дәуіт баяндамасында басылымдардың басты проблемасы – баспасөзге жазылу, кадр тапшылығы, әр өңірде әртүрлі мемтапсырыстың бағасы, журналист қауымды алаңдатқан қаламақы жайы туралы ашық айтты.
– Газетті жекешелендіріп алған кәсіпкер басылымның бағын ашу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы керек. Яғни оқырманның сұранысын зерделеп, заманға сай газет шығаруға тиіс. Аудандық, қалалық газеттер де осы мақсатпен жекешелендірілген болатын. Бірақ бұл сауда өз мақсатына жетті ме? Жекеге берілген басылымдардың жағдайы жақсарып кетті ме? Бүгінде жекеге берілген барлық газеттер әрең күн көріп отыр. БАҚ саласына, басылымдарға жанашыр көзқарас керек. Ақпарат саласының «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген журналист ағайындар БАҚ туралы жаңа заңнан үлкен үміт күтеді. Тегінде қандай заман, қандай жағдай болса да, журналистердің басты міндеті – тек ақиқатты жазу, – деді Оралхан Дәуіт.
Медиафорумда сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа заң жобасын әзірлеуде қоғамның даму үдерістерін ескеру қажеттігін айтқанын еске салды.
«Бұған дейінгі заң 1999 жылы қабылданған. Содан бері өткен талай жыл ішінде 40-тан астам нақты өзгеріс енгізілген. Осының өзі БАҚ туралы заңның ескіргенін, заман талабына сай өзгерістерді енгізу қажеттігін білдіреді. Бір мәселені айтатын болсақ, жаңа заң жобасында журналистердің сұрау хаттарына мемлекеттік органдардың жауап беру мерзімі 7 күн болса, қазіргі нұсқада 5 күнге дейін қысқартылу ұсынылып отыр. Оны депутаттар қолдады. Өңірлердегі телехабар таратуға байланысты субсидиялар қарастырылған. Бұған дейін біздің шекаралас өңірлерде халық «сұр тарелкалар» арқылы ақпарат алып отырған болса, алдағы уақытта мемлекет отандық хабарларды тарататын мекемелерге субсидиялар төлеп отыратын болады. Заң жобасында мемлекеттік тапсырыс шеңберіндегі мемлекеттік тілге байланысты да нақты нормалар қарастырылған. Ол қабылданған жағдайда барлық мемлекеттік тапсырыстардың 3/2 бөлігі мемлекеттік тілде болады. Енді бұл заң жобасы әзірленгенге дейін де қоғамдық талқылаулар өткізілген», деді департамент директоры. Сондай-ақ Қ.Ахетов мемлекеттік басылымдарды жекешелендіру – кезінде Ұлттық экономика министрлігінің қаулысына сәйкес іске асырылғанын айтты. Медиасауаттылық пен журналистік кадрларды даярлау бойынша да нақты ұсыныстар бар. Министрлік өкілінің айтуынша, жоғары оқу орындарында бітіруші курс студенттеріне арналған арнайы курстар ұйымдастыру мәселесі қолға алынған. Ал Мәжіліс депутаты, «Масс-медиа туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжан жоба талқылауға түскелі бері 200-ге жуық ұсыныс берілгенін айтып өтті. Бүгінде талқылаулар жиі өткізілуде және бірқатар жаңалық бар. Мысалы, журналистер жариялаған материалдар бойынша ескіру мерзімін 1 жылға дейін түсіру ұсынылып отыр. «Сондай-ақ «Қазпошта» жұмысына қатысты ұсыныстар бар. Балалар басылымына субсидия мәселесі де қамтылу үстінде. Жұмыс тобының отырысы апта сайын өткізіліп жатыр, яғни барлықтарыңыздың талқылауға қатысуға мүмкіндіктеріңіз бар. Белсенді болыңыздар», деді Мәжіліс депутаты.
Жиынға онлайн форматта қатысқан журналист, қоғам қайраткері Дархан Мыңбай «Масс-медиа туралы» заң жобасында бірқатар жақсы жаңалық бар екенін атап өтті. «Мәселе жекешелендіруде, сенімгерлік басқаруда емес. Тіпті осының барлығы нарықта реттелетін мәселелер. Бірақ осы жөнінде әлеуметтік зерттеулер керек еді. Жалпы, қазір әлеуметтік зерттеу бар ма? Жекешелендірудің тиімділігі қанша? Осыны редакторлардан, журналистерден зерттеп жатқан ешкім жоқ. Ала-құлалық болғаннан кейін журналистердің де кәсіби деңгейі төмендеп барады. Алайда журналистикада дағдарыс бар екен деп айқайлай беруге де болмайды. Қоғамның дамуына ілесе алмай қалмағаннан гөрі, жаңа форматтағы жұмыс, жаңа ізденістер қажет. Журналистер осыны ескерсе екен дейміз», деді Дархан Мыңбай.
Ал Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай журналистердің қауіпсіздігіне баса назар аудару қажеттігін айтып өтті. «Қазіргі уақытта әр жерде өтіп жатқан қақтығыстардың қақ ортасында репортаж жасап жүрген журналистер аз емес. Осы орайда олардың қауіпсіздігі заң шеңберінде шешілсе дейміз. Екіншіден, өзіміздің өңірлік журналистикаға, шекаралық аймақтағы журналистикаға баса назар аударуымыз керек. Себебі аймақтағы журналистердің жағдайы өте қиын. Аймақтарда үлкен бизнес жоқ, табыс тауып жарнамамен күн көретін мүмкіндік те жоқ. Тек мемлекеттік бюджетке тәуелді. Жергілікті жердегі аймақтағы журналистиканың бәсекеге қабілеттілігін, тәуелсіздігін, ақпараттың шындығын жария етеміз дейтін болсақ, орталықтан заң жүзінде қорғауды қолға алуымыз керек», деді сенатор.
«Масс-медиа туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшесі Есенгүл Кәпқызы журналист сапалы ақпарат алу үшін, өз жұмысын кедергісіз жасауына мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдау қажет деп есептейді. Ол өз сөзінде заңда алалаушылық тудыратын баптардың болмауын қадағалау қажеттігін айтты. Бұл орайда журналистердің заң жобасы бойынша жұмыс тобына қатысуға мүмкіндігі барын еске салды.
Жұмыс тобының тағы бір мүшесі Жұлдыз Әбділда заң жобасындағы баспасөз картасы туралы айтып өтті. «Журналистерге қысым көрсететін «Баспасөз картасы» болмауы керек дегенді айтқым келеді. Қазір, өкінішке қарай, манипулятивтік әдістермен бұл журналистердің әлеуметтік жағдайын көтеруге көмектеседі, оларға айрықша құқық береді деген тұрғыда айтылды. Бірақ еш жерде журналистер үшін арнайы бағдарлама жасамайды. Белгіленген бір мемлекеттік бағдарламалар бар. Біз кім болсақ та, ол бағдарламаларға қатыса аламыз. Жалпы, бұл ұсынысты Қаржы министрлігі де қолдаған жоқ. Өйткені бұл өте көп қаржыны қажет етеді. Пресс-картаны алуға да, алмауға да болады деген заңда. Онда бұл декларативтік норма болып қалады. Жалпы, біз пресс картаны мүлде алып тастаса деп ұсыныс білдіргенбіз. Бірақ ұсынысымыз қабылдана ма, қабылданбай ма, бұл белгісіз», деді Жұлдыз Әбділда. Заң жобасындағы пресс-карта туралы журналист Серік Әбікенұлы да пікір білдірді. «Заң жобасында журналистиканы жаңа бастаған жастарға жұмыс тәжірибесіне үш жыл толмай жатып, пресс-карта берілмейді деп көрсетілген. Бұл жаңадан жұмысқа алынған дәрігерге сен үш жыл екпе салмай тұра тұр немесе жас мұғалімге үш жыл сабақ бермей тұра тұр дегенмен пара-пар. Жоғары оқу орны оған білікті маман деп, қолына диплом ұстатқаннан кейін жас маман ондай алалауды көрмеуі керек», дейді журналист.
Сондай-ақ медиафорумға қатысушылар мамандыққа адалдық, журналистердің әлеуметтік жағдайы жөнінде өз пікірлерін білдірді.