Жаңалықтар

Түркістан: биыл Төлебидегі цехта 1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді

Төлеби ауданының орталығы Леңгір қаласында «SERT» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен тігін және жиһаз цехы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылды.

Жеке кәсіпкер Сәбит Сансызбаев жаңа цехты іске қосуға өз есебінен 120 млн. теңге қаражат жұмсаған. Жыл басынан бері жиhаз және тігін цехында 1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Мұнда 30-дан астам жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды. Жұмысшылардың орташа жалақысы 100 мың теңгені құрайды, деп хабарлайды newsroom.kz.

Аталған нысанға арнайы барған аудан әкімі Төлеген Телғараев жиhаз жасайтын цехты аралап көріп, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.

Мекеменің 2 өндірістік цехы бар. Атап айтсақ, жиһаз және дәнекерлеу. Одан бөлек, тігін шеберханасы жұмыс істейді. Барлық қажетті құрал-жабдықтар бар. Жылына 5620 дана – мектеп жиһазын, 2863 дана – офистік жиһаз шығаруға қауқарлы. Цехта арнайы қызметтік жейделер мен костюмдер тігіледі.

Айта кетейік, «SERT» мүгедектер қоғамдық бірлестігі 2020 жылы құрылған. Қазіргі таңда өндірістік цех, отандық офистік жиһаздарын өндіруде. Мүгедектер қоғамдық бірлестігіне өндірістік индустриалды сертификаты, ST-KZ сертификаттары, Еуропалық экономикалық одақтың сәйкестік сертификаттары берілген. Мекеме сонымен қатар «ҚР Жиhаз жасаушылардың гилдиясы» ЗТБ мүшесі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі