Түркістан: Келесте 4000-ға жуық шәкірт химиядан грант иегері атанған
Оны көршілес аудандардан іздеп келетін оқушылар да бар.
Келес ауданындағы №13 Т.Бигелдинов атындағы жалпы білім беретін мектептегі химия пәнінің мұғалімі Рахымжан Исмайлов 23 жылдан бері балаларды химия пәнінен оқытып келеді. Соңғы 10 жылдың өзінде 4000-ға жуық шәкірттері грант иегері атанды. Білікті педагог қосымша білім беру орталығында да сабақ береді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Айта кету керек, білікті педагог дайындаған оқушылардың көпшілігі Алматы қаласындағы
С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Қарағанды қаласындағы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы сияқты жоғары оқу орындарында білім алған.
Сондай-ақ Рахымжан Эргешовичтің шәкірттері аудан, облыс, республика көлеміндегі жарыстар мен олимпиадалардың жеңімпаздары. Атап айтқанда 9-сынып оқушысы Жанат Сайданова химия пәнінен Қ.Сәтбаев атындағы
V республикалық олимпиадасының аудандық кезеңінде жоғары білім деңгейін көрсетті. Ал 11-сынып оқушысы Марал Аманбаева химия пәнінен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті және Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасымен бірлесе өткізілген III облыстық Менделеев олимпиадасына қатысып, жүлделі орынға ие болды. Оның авторлығымен жақында 7-8 сыныптар мен 10-сыныптарға арналған «Химия пәнінен тесттер жинағы», «ҰБТ-ға дайындық» әдістемелік жинақтары жарыққа шықты.
Түркістан облысы әкімінің баспөз қызметі