Түркістан облысында Корея технологиясымен елімізде баламасы жоқ жобаларды жүзеге асыруға келіссөз жүргізілді
Түркістан облысында Оңтүстік Корея елімен бірлескен жобалар жүзеге аспақ.
Атап айтқанда, ІТ саласы бойынша техникалық жоғары оқу орнын ашу, сондай-ақ мақта тігін кластерін дамытуға бағытталған жаңа жобалар қолға алынады. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды 2007 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунгпен кездесті. Кездесу барысында өңірде жүзеге асыруға болатын бірнеше бірегей жобалар талқыланды. Сонымен қатар шетелдік ғалым өңірде «жасыл» энергетика саласына қатысты жобалар ұсынды, деп хабарлайды newsroom.kz.
– Біздің шақыруымызды қабыл алып, Түркістан облысында жүзеге асыруға әлеуеті зор жобаларды талқылауға келіскеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Өңірімізде ІТ саласы бойынша техникалық жоғары оқу орнын ашуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ мақта шаруашылығымен айналысатын жалғыз өңір болғандықтан, біз текстиль кластерін дамытуға күш саламыз. Сонымен бірге «жасыл» энергетиканың болашағы зор екенін түсіне отырып, бұл бағытта да жұмыстарды да жандандыруды жөн санаймыз,– деді Дархан Сатыбалды.
Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг оқу бағдарламасынан бөлек «жасыл мақта» жобасын жүзеге асыруды ұсынды. «Ақылды жоба» суды 60 пайызға үнемдейді және мақта өсіріп, жылына 2-3 өнім алуға болады. Мұндай жоба Қазақстанда жоқ. Өнімділік те жоғары, мақта сапасы да жоғары болады. Ең бастысы, жаңа технологиямен өсірілген мақта арқылы әлемдік сән әлеміндегі премиум брендтерге қолданылатын сапалы мата өндіреді. Бұл – тұрғылықты халық үшін тұрақты жұмыс орны және дүниежүзілік нарыққа жол. Кездесуде Түркістан облысында жасыл экономиканы дамытудың ең тиімді жолы ретінде жаңа технологиямен қамтылған жылыжайларда, яғни «ақылды фермада» өндірілген таза өнім, жасыл өнім үлкен сұранысқа ие болатыны айтылды.
Кездесуде тағы бір ерекше жоба талқыланды. Нобель сыйлығы иегерінің айтуынша, Корея елінде орналасқан әлемде жоқ бірегей желден электр қуатын өндіретін құрылғыны Түркістанда қоюға болады. Алып мұнараның биіктігі –100 метр, 10 қабатты. Бұл – қоршаған ортаға зиян келтірмейтін әрі бүкіл әлем назарын аударар туристік нысан болмақ.
– Мен жасыл экологияны қолдаушы ретінде Түркістан облысында іске асыруға болатын жобалардың жүзеге асуына ниеттімін. Бұл жоба энергия көздерін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға зиян келмейтін өнім шығарады. Туристерді тартуға мүмкіндік туады. Өйткені, ол ел қызығушылығын тудыратын әсем мұнара болады. Өңірде қалдықтарды өңдеу бойынша зауыт ашуға да мүмкіндік мол. Заманауи технология қоқысты өртемей, ысытады. Сонда ауаны ластамайды. Үздіксіз жұмыс істейді. Тиімді әрі экологиялық таза, шаһарды жасыл қалаға айналуға мүмкіндік береді. Ол үшін насихат керек. Халық түсініп, ауаны ластамауы тиіс. Бұл зауытта 4 тонна қоқыстан 1 тонна мұнай шығаруға болады, – деді Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг мырза.
Кездесу нәтижесінде қос тарап жобаларды тереңірек талқылауға, әріптестікті нығайтуға келісті. Облыс әкімі Түркістан өңірінде маңызды жобаларға толық қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі