Шымкентте отандық өндіріске басымдық берілген
Шымкентте кәсіпкерлер отандық өнімнің дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Импортқа тәуелді болмай, экспортты арттыруды қолға алған. Бүгін БАҚ өкілдері осы бағытта жұмыс істеп жатқан Mega SMART ЖШС кеңсе жиһазын өндіру, ЛДСП және жылтыр сәндік панельдер өндірісі орнына барып, өнеркәсіптік кәсіпорынның жұмысын көріп қайтты. Баспасөз туры "Отандық өндіріс" жобасы аясында іске асты, деп хабарлайды newsroom.kz.
Жеңіл өнеркәсіп бағытындағы – Mega SMART ЖШС 20 жылдан бері нарықта. Ал, зауыт болып ашылғанына 10 жыл болған. Бүгінде 5 мың данаға дейін мектеп жиһаздарын шығара алады. Өзге кәсіпорындардан басты ерекшелігі барлығы толық электронды форматта, яғни 100% цифрландырылған. Бұл жұмыстың дәл орындалуына мүмкіндік береді.
"Мен осы зауыт ашылғалы жұмыс істеп келемін. Басында дизайнер болып келгенмін. Содан кейін математикалық қабілетке байланысты үйрену арқылы осы қызметке орналастым. Бізде жиһаз бойынша екі бөлім жұмыс істейді. Біріншісі, даму және инновация бөлімі. Бұл жерде әлемдік трендттердің барлығы зерттеуден өтеді. Одан кейін біздің техникалық мүмкіншіліктеріміз ескеріле отырып, мектепке, кеңсеге және жұмсақ жиһазға арналған топтамалар шығарамыз. Бұл бөлімде ақпараттарды толық жинап, өңдеп болғаннан кейін бағдарламаны техникалық бөлімге береді. Олар құжаттарын жасап, цехқа жібереді. Жалпы бізде 3 цех бар. Жұмсақ жиһаз, корпусты жиһаз шығаратын және металл өңдейтін. Жалпы технологтың басты мақсаты-электронды бағдарламаны машиналардың жадына сақтап беру. Әрі қарай операторлар сол бағдарлама бойынша жұмыс істейді", – дейді технолог-конструктор Руслан Турмаханов.
Зауытта шығарылған жиһаздар Астана, Түркістан және Алматы облыстарына жөнелтіледі. Ал, мұнда ЛДСП және жылтыр сәндік панельдер өндіреледі. Олар тек Қазақстанға ғана емес шетелге де экспортталады. Бұл өнімнен жиһаз жасалады екен.
"Бұл материалдарды көрші елдер, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Мрңғолияға жібереміз. Сұраныс осы елдерден көбірек. Ал Қазақстан бойынша әр қалада кемі 11 сатып алушыларымыз бар. Жалпы бұл жартылай фабрикат зат болғандықтан жиһаз жасау үшін қолданылады. Мен өндіріс басшысы болғандықтан, шығарып жатқан өніміздің сапасына жауап бере аламын. Сапасы Қазақстанға шетелден келіп жатқан өнімге қарағанда әлдеқайда жоғары деп айта аламын. Бірақ, талғам деген дүние бар. Әр адамның таңдауы бөлек", – дейді цех басшысы Мардан Салимбеков.
Жалпы зауытта Оңтүстік Корея мен Ресейден әкелінен шикізаттардан жылына 120 мың плита шығарылады. Алдағы уақытта өндіру көлемін ұлғайту жоспарланған. Өйткені, зауыт өнімдеріне шетелден сұраныс артып жатыр. Сәйкесінше, экспорт та көбеюі мүмкін.