«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» Түркістан облысында банер ілініп, сенім телефондары қойылды
Созақ ауданында зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында шаралар жүргізілуде
Бұл туралы newsroom.kz порталы Созақ ауданы полиция бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмауға және жолын кесуге, ана мен баланы қорғауға, қоғамдағы отбасының оның ішінде әйел-ананың рөлін нығайтуға, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған, мемлекеттің қабылдап жатқан шаралары туралы халыққа кеңінен таныстыру мақсатында, «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты тақырыпта, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы, С.Қожанов көшесі бойында және Жартытөбе ауылы, Ә.Иманқұлұлы көшесі бойында баннер ілініп, сонымен қатар баннерде, Созақ аудандық полиция бөлімінің сенім телефоны, дағдарыс орталығының телефоны мен мекен-жайы көрсетілген.
Айта кетейік, біздің заманауи дамыған қоғамда тұратынымызға қарамастан, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды – онысы бекер. Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 73 бабы бойынша жауапкершілікке тартылуы мүмкін, ал олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы бар болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109 (ұрып-соғу), 110 (қинау), 131 (қорлау) баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелер қызметінің құқықтық негізін БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы мен Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенци, Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексі, Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңы, Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Ішкі Істер органдары туралы» Заңы және басқа нормативтік құқықтық актілер құрайды.
Осы орайда айта кетсек, елімізде тұрмыстық күш көрсетуді болдырмау мақсатында әлсіз азаматты немесе әйел адамның құқығын өз дәрежесінде қорғау үшін ең алдымен заңнамалық тұрғыдан «қаруланып» алған абзал. Яғни, қазіргі заңдар заман сұранысына сай болуы тиіс. Осы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мемлекетімізде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы» туралы заңы қабылданған. Қазіргі таңда аталмыш заң азаматтарымыздың қорғанына айналып отыр. Ең бастысы, зорлық құрбаны өзінің шынайы жағдайын жасырып қалмауы қажет.
«Әрбір отбасы – кішігірім шаңырақ» екенін ескере отырып, осы шағын шаңырақтардан құралатын Қазақстан атты үлкен мемлекетіміздің болашағы кемел болсын десек, отбасы құндылығы мен ерлі-зайыптылардың жеке-жеке құқықтары сақталынып, балалардың тәтті де бақытты ғұмыр кешуіне атсалысуымыз керек!