Дархан Сатыбалды Отырар ауданын дамыту жұмыстарын жандандыруды тапсырды
Отырар ауданын дамытуда қандай кедергілер мен кемшіліктер бар?
Өңірді өркендету үшін не істеу керек? Жоспарлары бар ма? Тапсырмалар тұрақты орындалып, ел мүддесі қорғалып жатыр ма? Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына арнайы барып, аудан активінде осы сұрақтарды талқылады. Жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды newsroom.kz.
– Ауданға инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстарын күшейту қажет. Орындау тапсырылған инвестициялық жобалар бүгінгі күнге дейін жүзеге аспаған. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жоспар орындалмай отыр. Инвесторлар келіп, жаңа кәсіпорындарын ашса, ауданның салық базасы ұлғаяды. Отырар ауданында туристерге қызмет көрсететін орындарды дамытуға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырғанмын. Бірақ өздеріңіз көріп отырсыздар, ауданның басты туристік нысаны – Арыстан баб кесенесінің жағдайына, келушілердің көңілі толмайды. Кесененің жанындағы аймақты абаттандыру бойынша қажетті шараларды қабылдау қажет. «Қызыл ту» насос станциясын жөндеу бойынша ұсыныс енгізіп, бұл мәселені шешуді тапсырғанмын. Сонымен қатар аудандағы каналдарды механикалық тазалаудан өткізу керек. «Қазсушар» мекемесімен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, аталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылдансын, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың есебі тыңдалды. Ол ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды, ескертпелер бойынша іс атқарылатынын мәлімдеді.
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды зерделеу барысында анықталған кемшіліктерге, экономикалық көрсеткіштерге тоқталды.
2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жалпы өңірде өндірілген өнім көлемі 80 млрд. 112 млн 330 мың теңгені құрап, 2022 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда артық орындалды. Жалпы ауданда салық төлеушілердің мүлігіне қайта бағалау жүргізіп, құны 900 млн. теңгеге артып, қосымша 5 млн. теңгеге жуық кіріс анықталған.
Дегенмен бірқатар көрсеткіштер мен тапсырмалардың орындалуы бойынша кемшіліктер анықталған. Ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 95,2 пайызды құрап, жоспарлар орындалмай отыр.
Актив отырысында осы мәселелер кеңінен талқыланып, жауапты басшыларға сын-ескерпе айтылды.
Атап айтқанда, жұмыс орындарын ашу, білім, денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді шешу, ауданды абаттандыру, тазалық сақтау жұмыстарын күшейту және өзге де мәселелер бойынша тапсырмалар берілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі