Жаңалықтар

Түркістан облысындағы тағы бір ауыл газға қосылды

Халықтың қуанышын бөлісуге арнайы барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтап, пікірлесті, деп хабарлайды newsroom.kz.

– Ауыл-аймақ тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар жобалар қолға алынған. Жол жөндеу, ауыз су және табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Тағы бір ауыл «көгілдір отынға» қол жеткізіп отыр. Құтты болсын! Ендігі кезекте тұрғындарды кәсіпкерлікке тартуға күш салған жөн. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы да қолдау бар. Бос жатқан жерді тиімді пайдаланып, түрлі жобаларды жүзеге асыру керек – деді Дархан Сатыбалды.

Ауыл ақсақалдары игі жаңалыққа ризашылықтарын білдіріп, ел азаматтарына баталарын берді.

Аталған елді мекенді газбен жабдықтау жүйесінің құрылысы 2021 жылы басталды. Мердігер мекеме – «Жылуэнергоремонт» ЖШС. Ұзындығы 17,184 шақырым болатын газ құбырының құрылысына республикалық бюджеттен 192,88 млн. теңге бөлінді. Абонент саны – 113. Бүгінгі таңда ауылдық округ әкімі аппараты тарапынан жеке тұрғын үйлерге газ құбырларын монтаждау жұмыстары жүргізу туралы түсіндірме жұмыстары атқарылды. Демеушілер қаражаты есебінен аз қамтылған отбасының баспанасына монтаждау және құжаттарын заңдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, Отырар ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2014-2017 жылдары автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) салынып, Шәуілдір елді мекеніне дейін 51,4 шақырым газ құбыры тартылды. Автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы 34 елді мекен (халық саны-51426) табиғи газбен қамтамасыз етіледі. 2022 жылы 13 елді мекеннің газ құрылысы аяқталған. Оның ішінде, 12 елді мекен (халық саны-20759) аудан халқының 40,2 пайызы табиғи газға қосылды.

2023 жылы 9 елді мекенге табиғи газ берілген жағдайда жалпы 16223 халық қосымша табиғи газға қосылып, аудан халқының 72 %-ы табиғи газға қосылуға қол жеткізеді. Олар: Темір, Арыс, М.Шойманов, Қарғалы, Көкмардан, Шытты, Сарыкөл, Сырдария, Отырар.

Сырдария өзенінің батыс бөлігінде орналасқан 12 елді мекенге (Аққұм, Жанкел, Көксарай, Ызакөл, Шеңгелді, Қостерек, Бестам, Маяқұм, Үштам, Көлқұдық, Балтакөл, Ақкөл) газ жеткізу мақсатында 13 жобаға жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда 15302 халық табиғи газбен қамтылып, ауданның табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 99 құрайды деп күтіліп отыр.

Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам  тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қа­жет­ті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.

Жыл басында өткен жобаға жол ашып берген алқалы жиында «Amanat» партия­сының төрағасы Ерлан Қошанов: «Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсар­туға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облы­сының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атау­лы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36%-ға төмендеді. Үкімет пен «Amanat» партия­сының міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру аса маңызды», деген еді.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдік­тер қарастырылған? Бағдарлама бо­йынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сон­дай-ақ техниканы лизингке рәсімдеу­ге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңна­ма бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банк­тен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.

Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зей­неткерлік жасқа толмаған жұмыс­керлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарлар­ды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнін­дегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруа­шылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күн­көріс деңгейінен төмен өндіріс­тік коопе­ративтердің мүшелері ала алады.

Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өт­кен жарнаның, мемлекеттік кірістер ор­ган­дарында берешектің болмауы талап етіледі.

Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік коо­перативке өткізу талап етіледі.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі