Бишімбаевтың ісі: жойылған бейнежазбаның жайы белгілі болды
Бишімбаевтың ісі қалай өрбіп жатыр?
Астана қаласының прокуроры Ерлан Өтегенов 2023 жылы 20 қарашада елордада кәсіпкерлер мәселесін талқылауға арналған жиыннан кейін дәлізде тілшілерге сұқбат беріп, Бишімбаевтың ісіне қатысты тың мәлімет ұсынды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Астана қаласының бас прокуроры Ерлан Өтегенов қазір бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторында отырғанын нақтылады. Тергеу амалдары әлі жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ прокурор ұсталған екінші күдіктіге қатысты мәліметтермен бөлісті.
"Бұл іс бойынша екінші күдікті – Астанадағы "Гастро-орталық" директоры. Олар бір-біріне (Қуандық Бишімбаевқа - ред.) туыс болып келеді".Ерлан Өтегенов
Сондай-ақ қала прокуроры мейрамхананың бейнебақылау камераларының таспасын бірден қолға түсіру мүмкін болмағанын, өйткені ондағы жазбалар бастапқыда өшірілгенін де жеткізді.
"Бейнетаспадағы жазбалар бойынша, иә, ондай фактілер болды (өшірілген - ред.). Бейнежазбалар қазір қайта қалпына келтірілді".Ерлан Өтегенов
Айта кетсек, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы Бау мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың жұбайы жедел жәрдем келгенше жан тапсырды. Кейін Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Астана қаласы полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша тергеу амалдарын бастады.
11 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қуандық Бишімбаевті 2 айға қамауға алу бойынша бұлтартпау шарасын санциялады.