Шымкент: тұрғындар бизнес-жобаларын табысты жүзеге асыруда
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Шымкент қаласында бизнес-бастамаларды іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал топтарына 447 грант беру көзделген.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жастарға жеңілдікті шарттармен 261 микрокредит беру жоспарланған, деп хабарлайды newsroom.kz.
Бүгінде 452 грант және 169 микрокредит берілді. Мемлекеттік қолдау алушылар өздерінің бизнес-жобаларын табысты іске асыруда. Солардың бірі Мөлдір Берікбаева.
— Аяқ мәшиенесі, қол мәшенесі болған. Сол кезде үй шаруасын да жасап, балаға да қарап үлгеріп, ата-енемнің қас-қабығына да қарап үлгеріп, осы құрақтан тігіп бастаған едім. Кейінгі алған мәшинелерім заманауи болды. Мысалы үшін әрқайсысы әр түрлі операция орындайды. Сәйкесінше қол еңбегін жеңілдетті,-дейді Мөлдір Берікбаева.
Шымкенттік Ердібек Сейітов те мемлекеттік қолдаудың шарапатын сезініп отыр. Құрылыс саласында 15 жылдық тәжірибесі бар маман шағын шеберхана ашып, пенопластан термопанель өндіруді бастағанын айтады.
— Бұл 2/1 деп аталады аты. Сыламай дуалы түзу болса, бірден шлакаблогтың сыртынан қаптап, үйінің сырты бітіп қалады. Әрі жылулық жағынан 30 % эконом. Әрі сәнді болады. Тапсырыс берушілер көп. Алдағы уақытта осының 3Д түрлері шығып жатыр,-дейді Ердібек Сейітов.
Шымкент қаласында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 452 грант берілген. Оның ішінде:
42 – атаулы әлеуметтік көмек алушылар,
89 – мүгедектігі бар адамдар,
212 – көпбалалы отбасылар,
73 – мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған адамдар, 36 – асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар.
Биыл Шымкентте «Бастау бизнес» бағдарламасына қатысуға 8 мыңға жуық өтініш түскен. Комиссия 452 адамның жобасын қаржыландыруға шешім қабылдаған. 1 миллион 380 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, көпбалалы отбасы мүшелеріне және ерекше күтімді қажет ететін балаларды асыраушыларға берілген.
— Үйде отырып, кәсіп дөңгелетсек деген кісілер бар. Сондықтан үйде отырып нан өнімдерін пісіретін, одан кейін тігін саласын қолға алғысы келетін кісілерге көбірек басымдық берілді. Ал ер азаматтарымыз көшетті көбейту, мал бағып сүт өнімдерімен өндіру сияқты жобаларды көп ұсынды -дейді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова.
Айта кетейік, Республика бойынша жыл басынан бері қатысушыларға 9000 грант беру жоспарланып, 9102 грант берілген.
Жалпы, аудандардың шебер-жоспарлары жасалып, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту жүргізілетін болады. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға шағын несиелер мен гранттар беріледі.
Департамент директорының орынбасары Руслан Тілеубаевтың сөзінше, шебер-жоспарлар үй шаруашылықтары мен жергілікті кәсіпорындардың сауалнамалары негізінде жасалады. Жалпы, 2022-2024 жылдары 163 шебер-жоспар әзірленеді. «Шебер-жоспарлар негізінде кәсіпкерлерді қолдау «егістіктен сөреге дейін» өндірістік-өткізу тізбегін құру арқылы қамтамасыз етіледі. Өнім өндірушілер мен сатып алушылардың келісуі, ауыл кәсіпкерлерінің өнімін кепілді түрде сату және сатып алу қамтылады», - деді ол.
Департамент директоры орынбасарының айтуынша, «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде жыл сайын 30 мың адамды, оның ішінде кемінде 6 мың жас азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Оқуды аяқтаған және бизнес-жоспарын қорғаған қазақстандықтар жеңілдікті шарттармен мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер алуға мүмкіндік алмақ.
«Бұл ретте, жастардың 20 мыңға жуық өкілін және азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын жыл сайын гранттармен қамту жоспарлануда. Ал, жеңілдікті шарттармен шағын бизнес ашу және отбасылық фермерлік шаруашылықтарды өндірістік-өткізу тізбектеріне біріктіру үшін аудандардың шебер-жоспарлары жасалып, соның негізінде берілетін болады. Сондай-ақ, грант алушылардың санаты да қайта қаралды. 2022 жылдан бастап гранттар жастарға, жұмысқа қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы мүшелеріне және қандастарға жеке кәсіпті ашу мақсатында беру жоспарланып отыр», - деп толтықтырды Руслан Тілеубаев.
Оқу 14 облыста, 160 ауданда іске асырылады, сондай-ақ моноқалалар мен облыс орталықтары, республикалық маңызы бар елорда, Алматы, Шымкент секілді қалалар қамтылған. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында жоба бойынша оқыту «Atameken Academy» платформасында онлайн форматта өтеді.