Түркістан: Ордабасыда «ауыл аманаты» бағдарламасымен 165 жоба қолдау тапқан
Бүгін БАҚ өкілдері Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылында орналасқан «Сұлтанберді» жылыжай кешенінің жұмысымен танысты.
Кешеннің инвестициялық құны - 420 млн теңге. 2 гектар аумақты алып жатқан жылыжайда 2020 жылы іске қосылған. Қазіргі таңда 15 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 400 тонна өнім өндіреді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Бұдан бөлек, жалпы ауданда 105,9 гектар алқапқа жылыжай кешені бар. Оның ішінде 21 гектары - өндірістік жылыжайлар, ал 84,9 гектар аумағы - фермерлік жылыжайлар.
Сонымен қатар, журналистер Шұбар ауылындағы «Тоғжан» мал бордақылау алаңына барды. Жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық несиемен 7,5 млн теңге қаржы алған. Бүгінде орталықта 16 мал басы бордақыланып жатыр. Алдағы уақытта кәсіпкер бал басын көбейтуді жоспарлап отыр.
Жалпы аудан бойынша «Ауыл аманаты» жобасына 4 ауылдық округ енгілген. Биыл 17 сәуір айынан бастап несие алуға ниет білдірген ауыл тұрғындарынан құжаттар қабылданып, бүгінгі таңда 1 млрд. 753 млн теңге құрайтын 337 жобаға өтініш түскен. Оның ішінде 1 млрд. 511 млн теңге құрайтын 232 жоба мақұлданып, жалпы соммасы 1 млрд 43 млн теңгеге 165 жоба қаржыландырылған.
Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.
Жыл басында өткен жобаға жол ашып берген алқалы жиында «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов: «Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36%-ға төмендеді. Үкімет пен «Amanat» партиясының міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру аса маңызды», деген еді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі