Қазақ офицерінің отбасында 20 млншы сәби туды
Талдықорғанда 20 миллионыншы тұрғын дүниеге келді
Талдықорған гарнизонының әскери қызметшілері авиациялық базаның әскери қызметшісі майор Мұхтар Әзімбаевтың жұбайы мен ұлының перзентханадан шығуына арналған салтанатты іс-шараға қатысты,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұхтар Әзімбаев – Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлегі. Қарулы күштердегі қызметін авиацияның командалық-тактикалық жауынгерлік басқару офицері лауазымында бастаған. 21751 әскери бөлімінің жақын аймақ бойынша ұшу жетекшісі болып жұмыс жасайтын Әзімбаевтың жұбайы Диана Әзімбаева – Талдықорған қаласындағы төлем орталығының қызметкері.
2015 жылы шаңырақ көтерген Мұхтар мен Диана биыл көпбалалы ата-ана атанып отыр. Тұңғышы Айзере 2016 жылы туған. Екінші баласы Мұхаммедәмин 2018 жылы дүниеге келсе, 2020 жылы дүние есігін ашқан Мейран үш жаста. Ал 14 қарашада дүниеге келген сәби - төртінші балалары.
Халықтың деректер базасындағы көрсеткіштеріне сәйкес олардың сәбиі Айсұлтан 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да дүние есігін ашып, Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны деп танылды.
Айсұлтанның еліміздің жиырма миллионыншы тұрғыны атанғанын ата-анасы Президенттің Twitter-дегі хабарламасынан білген көрінеді.
Жетісулық жанұяны облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады. Ол нәресте мен ата-анасына денсаулық тілеп, отбасына баланың ерекше үлгідегі туу туралы куәлігін тапсырып, Президенттің атынан сыйлық берді.
«Отбасы банк» АҚ Жетісу облысы филиалының директоры Жасұлан Құрманғалиев Әзімбаевтар отбасына 2 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Болашақта бұл қаражат оқу ақысын төлеуге немесе Айсұлтан үшін тұрғын үй сатып алуға алғашқы жарна ретінде жұмсалуы мүмкін.
Әріптестері мерейлі сәби сүйген бақытты ананы әскери оркестрмен қарсы алды. Олар Әзімбаевтар отбасын айтулы оқиғамен шынжүректен құттықтап, бақыт тіледі.