Жаңалықтар

"Қауіпсіз ел": Жылыжайдан құрал-саймандар ұрлаған ер адам ұсталды

Келесте насос ұрламақ болған ер адам ұсталды

Бұл туралы newsroom.kz порталы Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жылыжай шаруашылығымен айналысатын ер адамның айтуынша, оның су тартатын насосын, дәнекерлеу аппараты мен болгарка құралын белгісіз біреу жымқырып кеткен. Жәбірленушіге 150 000 теңге көлемінде шығын келген.

Полицейлер аталған фактіні ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді.

Ақпарат алысымен оқиға орнына жылдам жеткен тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде тәулік ішінде күдікке ілінген ер адамды анықтады. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті түнгі уақытта жылыжайдан құрал-саймандарды ұрлап, сатпақшы болған. Тәртіп сақшылары қолды болған құрал-саймандарды тәркіленіп, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, қазіргі таңда ұрлық жиілеп барады. Осы тұрғыда пәтер, үй ұрлықтарын алдын-алу мақсатында келесідей шараларды қолданғандарыңыз жөн болады:

  1. Пәтеріңізді ұзақ мерзімге қараусыз қалдырмаңыз;
  2. Пәтеріңіз бірінші немесе екінші қабатта орналасса, терезелеріңізді міндетті түрде темір тормен жабдықтаңыз;
  3. Есігіңізге сенімді механизмі бар құлып қондырыңыз;
  4. Бейнебақылау жүйесі мен дабыл құрылғыларын орнатыңыз;
  5. Өздерін жөндеу қызметінің немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырса да, қызмет куәліктерін тексерусіз бөтен адамдарды пәтерге кіргізбеңіз.
  6. Балаларыңызға танымайтын адамға есік ашуға тыйым салыңыз;
  7. Ұзақ мерзімге кетіп, үйді қараусыз тастаған жағдайда, көршілерден үйіңізді қарап, келген поштаны уақытылы алуларын сұраңыз;
  8. Бөтен адамдарды домофонмен дәлізге кіргізбеңіз;
  9. Егер Сіз ұрлық сәтінің куәгері болсаңыз дереу «102» арнасына немесе 3-03-60 жұмыс телефонына қоңырау шалыңыз!

Егер сіздер еріксіз пәтер ұрлықтарының құрбаны болсаңыздар, онда ұрланған заттарды толығырақ сипаттауға тырысыңыздар. Бұл – полиция қызметкерлердің жұмысын жеңілдетеді және ұрланған затты заңды иесіне қайтаруға мүмкіндік береді. Осылайша, қарапайым ережені сақтай отырып, пәтер ұрлығының алдын-алу мүмкіндік болатын еді.