Түркістан облысының полицейлері шымкенттік тұрғыннан 10 шақты Қызыл кітапқа енген құс тәркіледі
Түркістанда полицейлер құрып кету қаупі төнген құстарды тұрғыннан тәркіледі
Бұл туралы newsroom.kz сайты Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысының полицейлері шымкенттік тұрғыннан 10 шақты Қызыл кітапқа енген құс тәркіледі. Түркістан облысының полицейлері тінту кезінде күдіктіден Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген құстардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген 10 түрін тапқан.
Ер адамнан балобандар мен қарабауыр бұлдырық құстары тәркіленді. Күдікті құстарды жеңіл көлікпен тасымалдаған. Жағдайды одан әрі анықтау үшін ұсталған адам полиция бөліміне жеткізілді.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 339-бабы 1-бөлігі бойынша (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Жабайы құстар Шымкенттің мемлекеттік хайуанаттар бағына берілді. Полицейлер азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын бұзбауға және жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғауға шақырады.
Айта кетейңк, бүгінде Қазақстанның Қызыл кітабына 56 құс енгізілген. Олар жоғалуына, санының азаюына байланысты бірнеше санатқа бөлінеді.
І санат – жойылып бара жатқан немесе мүмкін жойылып кеткен;
ІІ санат – апатты түрде саны қысқарып бара жатқан түр;
III санат – сирек кездесетін, саны аз табылған құстар;
IV санат – белгісіз (толық зерттелмеген);
V санат – тұрақты бақылауды қажет ететін жерсіндірілген түр.
Солардың бірсыпырасына тоқталып кетейік, мәрмәр шүрегей жойылып бара жатқан немесе мүмкін жойылып кеткен құстардың санатына кіреді. Қазақстанда 1995 жылдан бері еш жерде кездеспеген. Бұл аридтік зонадан тыс жерге шықпайтын, таралу аймаңы тар жерортатеңіздік түр. Олар Жерорта теңізіне, Каспийге және мүмкін, Қара теңізге жақын жерде, сондай-ақ оған іргелес жүйелерде қыстайды. Бұл құстың көп саны Түрікменстанда 30-шы жылдары Каспийде қыстаған. Қазақстанда бүкіл Сырдария бойында, Каспий теңізі, Телікөл көлдерінде, Жайықтың сағасында ауылдың маңындағы көлдерде кездесетін. Олар көбіне түбі лай, суы сортаңданған тұщы суда және қамыс көп өсетін тоғандарда мекендейді.
Алакөз сүңгуір. Саны күрт азайып бара жатқан, сирек кездесетін түр. Олар Қазақстанда Зайсан шұңқырында, Алакөл көлдерінде, Іле, Шу, Сырдария өзендерінің аңғарында, Республиканың орталық және солтүстік аймақтарындағы кейбір су қоймаларында Торғайдың сағасында ұялайды. Сондай-ақ, Іле өзенінің алабында, Сорбұлақ және Каспий теңізінде қыстайды. Бұл түр қалың қамыс қопаларында және су өсімдіктеріне бай терең көлдерде мекендейді. Бірақ, соңғы онжылдықта нақты санына қатысты деректер жоқ.
Қытай қазы, Құтұмсық. Бұл 1-санатқа жататын жойылып кету қаупы бар түр. Құтұмсық қытай үй қаздарының арғы ата-тегі. Негізінен Қытай, Корея және Жапонияның шығысында қыстайды. Кәзіргі уақытта бүкіл Сібірде Торей көлдерінде ғана ұялайды. Бір кездері Қазақстанда Зайсан көлі мен Ертіс өзені жағасында ұялаған. Сондай-ақ, ұшып өту кезеңінде Сырдария өзенінде де кездесетін. Қазақстанда қамыс пен қоға қалың өсетін көлдер мен кең өзен аңғарларында мекендейтін. Әсіресе, ойлы-қырлы ландшафтта, таулы өзендерде көп жүреді. Өкінішке орай, Қазақстанда саны өте сирек.
Кіші аққу. Ұялайтын аумағына қарай саны қалпына келтіріліп жатқан түр. Бұлар Еуразия тундрасының жағалау аймағынан орманды-тундраның солтүстік шекарасына дейінгі аумақта ұялайды. Қазақстанда ұшу кезеңінде, мүмкін қыста Каспий теңізінде және республиканың оңтүстігіндегі су тоғандарында кездеседі. Соңғы жылдары Еділ мен Жайықтың сағасында, Қорғалжын қорығында ұшу уақытында байқалған. Қазақстан аумағына қоныс аудару кезеңінде әлсіз минералданған ірі су қоймаларға тоқтайды. Бірақ топтасып ұшып бара жатқан кіші аққуларды республиканың кез-келген өңірінде, әсіресе суармалы аумақтарда кездестіруге болады.
Сұңқылдақ аққу. Бұл таулы жерлерден қашып, орманды-далалы аймақта, тіпті шөлді зоналарда мекендейтін құс. Бұрынғы таралу аумағында біртіндеп ұялайды және соңғы жылдары Іленің сағасында, сондай-ақ Павлодар облысының солтүстігіндегі өзеннің маңында кездесті. Қазір республиканың Солтүстік, Орталық және Оңтүстік-Шығыс аудандарының 5-6 жерінде тараған. Олар көлемді ұяларды жасыра алатын, судың үстінде өсетін өсімдіктерге бай, қалың қамысты-қоғалы ірі және саңырау көлдерде мекендейді.
Дөңтұмсық тұрпан. Қазақстанда бұл тұрпанның ұялары алғаш рет үстіміздегі ғасырдың басында Алтайдың Ресеймен шектес аудандарынан табылған еді. Соңғы жылдары жазда кездесіп жүргеніне қарағанда, сол аймақта көбеюде. Тайганың және орманды тундраның су басқан жерлерінде, ал Қазақстанда – тек таулы жерлерде мекендейді. 1986 жылы Үлкен Рахманов бұлақтарында 2 тұрпан ғана табылған. Қазіргі уақытта дөңтұмсық тұрпан тек көктем мен күзде, онда да жыл сайын емес, ұшып өту кезінде ғана кездеседі.
Қара тұрпан. Ұя салатын сирек түр. Бұрын Қазақстанның Көкшетау және Целиноград облыстарында ұялағаны байқалған. Қара тұрпан кең созылған немесе теңіз жағалаулары бар орманда, орманды-далалы және тундралы көлдерде мекендейді. Қазақстанда тереңдігі шамамен 2 метрге жуық су қоймалары мен орманды даладағы қалың қамысты терең көлдерде кездеседі. Бірақ, Қазақстанда саны белгісіз.
Ақбас үйрек. Ақбас үйрек саны азайып бара жатқан, ала-құла тараған, сирек кездесетін түр. Қазақстанда биік таулар мен шөлді жерлерден басқа, сулы және тұщы су қоймаларында ұялайды. Соңғы жылдары республиканың орталық және батыс бөліктерінде ғана кездесті. Негізінен олар судың бетінде өсетін өсімдіктер мен тығыз қамысты үлкен терең көлдерде мекендейді. Ал өзендер мен шағын су қоймаларында сирек кездеседі. Бұл түрдің де Қазақстанда нақты саны анықталмаған.
Қызылжемсаулы қарашақаз. Таралу аумағы тар, сирек кездесетін түр. Бұлар тек Ямал, Гыдан және Таймырдың тундраларында ұялайды. Қазақстаннан негізінен Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары арқылы ұшып өтеді. Ал Республиканың оңтүстік және шығыс бөліктері арқылы ұшқаны сирек кездеседі. Бұл түр өзендер мен көлдердің жанындағы тундраның құрғақ дөңестерінде мекендейді. Ұшу кезінде ірі өзендер мен көлдер жүйесіне немесе теңіз жағалауларының бассейндеріне тоқтайды. Соңғы онжылдықта олардың санына қатысты жалпы мәлімет жоқ. Дегенмен, қазіргі таңда сәл-пәл болса да көбейіп келе жатыр.
Тарғақ. Жоғалып кету қаупі бар түр. Бұл құс Қазақстан мен Ресейдің эндемигі. Таралу аумағының негізгі бөлігі Қазақстанда орналасқан. Солтүстік таралу аймағы республиканың әкімшілік шекарасы арқылы өтеді. Ал оңтүстікте Қамыс-Самар, Индер көліне, Ембідегі Темір өзенінің сағасына, Арал теңізінің солтүстік жағалауына, Атасу өзенінің жоғарғы ағысына дейін таралған. Жалпы Қазақстандағы таралу аймағы республикамыздың солтүстігіндегі далалықты түгелімен қамтиды. Олар өсімдігі аз сортаң жерлерде, құрғақ сазды жусанды далаларда, жусан- бетегелі, ақселеулі шөлдерде мекендейді. Қазіргі нақты саны туралы деректер жоқ, бірақ, барлық жерде оның санының бірте-бірте азайып келе жатқаны даусыз. Себебі, бұдан 20-30 жыл бұрын оны кездестіру қалыпты жағдай болатын.