"Қауіпсіз ел":Полицейлер тас жолда ерлі-зайыпты қарттарға дөңгелек ауыстыруға көмектесті
Түркістандық полицейлер ерлі-зайыпты қарияларға көмектесті
Бұл туралы newsroom.kz порталы Түркістан облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Түркістан облысы ПД Жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция қызметкерлерінің тас жолда көлігінен ақау шыққан қарт ерлі-зайыптыларға көмектесіп жатқаны жайлы түсірілген видеосымен бөлісті.
Түркістан облысындағы тас жолдардың бірінде кезекшілікте жүрген патрульдік полиция инспекторлары жол жиегінде тоқтап тұрған «Ауди» көлігін байқайды. Полицейлер егде жастағы жүргізушінің алдыңғы дөңгелегі зақымдалғанын және жасына байланысты мәселені өз бетімен шеше алмайтынын анықтайды.
Олар тез арада қолдағы бар құралдарды пайдалана отырып, қарт ерлі-зайыптыларға көліктің зақымдалған дөңгелегін ауыстыруға көмектесті. 73 жастағы қария мен оның жұбайы Түркістан облысы Шардара ауданының тұрғындары полиция қызметкерлеріне көрсеткен көмегі үшін алғысын білдіріп, жолын жалғастырып кете барды. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге жолға шығып, көлікті басқарар алдында көлігінің техникалық жағдайын тексеріп, жол ережесін қатаң сақтауды ұсынады.
Қамқорлық пен көмек қашанда елім деген азаматтардың міндеті болып қала бермек. Осы тұста Түркістан облысы полиция департаменті қызметкерлерінің еңбегі көп адамға үлгі болды деген сенімдеміз..