Полицейлер рейд барысында 180-нен астам құқық бұзушылықты анықтады
Түркістандық полицейлер рейдтік іс-шарасын өткізді
Бұл туралы newsroom.kz порталы Түркістан облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысының полицейлері жедел жағдайды сауықтыру, қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, оның ішінде заңсыз жер қойнауын пайдалану және жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтау, жолын кесу мақсатында, Келес ауданында рейдтік іс-шара өткізді.
Іс-шараға Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ, сондай-ақ Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары жүргізген жұмыс нәтижесінде 182 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 230-бабы "Міндетті сақтандыру туралы ҚР заңнамасын бұзу" бойынша 63 құқық бұзушылық, ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы, яғни көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзудың 60 жайты, ҚР ӘҚБтК-нің 599-бабы бойынша бағдаршамның тыйым салу сигналына жүрудің 58 фактісі анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары автокөлікті мас күйінде басқарудың 1 фактісін анықтап, Шымкент қаласында іздеуде жүрген "ВАЗ" маркалы автокөлікті айыптұраққа қойды. Полицейлер мұндай іс-шараларды өткізу құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиімді әрекет ететінін, сондай-ақ автокөлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді.
Айта кетейік, көліктегі қылмыстар - Қылмыстық заңнама бойынша - қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыс түрлерінің бірі.
Оларға мыналар жатады:
- темір жол, әуе немесе су көлігі қозғалысы мен оларды пайдалану қауіпсіздігінің ережелерін бұзу;
- көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы;
- жол-көлік оқиғасы болған орыннан кетіп қалу;
- көлік құралдарын сапасыз жөндеу және оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару, мас күйіндегі адамды көлік құралдарын жүргізуге жіберу;
- көлік құралдарын немесе қатынас жолдарын қасақана жарамсыздыққа келтіру;
- көліктің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ережелерді бұзу;
- пойызды қажет болмаған жағдайда өз бетінше тоқтату;
- көлікте қолданылатын ережелерді бұзу;
- магистралдық труба құбырларын салу, пайдалану немесе жөндеу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу;
- труба құбырларын закқмдау немесе қирату;
- кеме капитанының апатқа ұшырағандарға көмек көрсетпеуі;
- ұшудың халықаралық ережелерін бұзу.